Оған «Әділет» партиясы филиалының өкілдері қолғабыс еткен
Алматыдағы Алатау ауданында халық көп шоғырланған «Самғау» ықшам ауданында ашық тұрған аялдамаға қаңқа орнатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Айта кетейік, бұл аялдама туралы ықшам ауданның тұрғындары үнемі өтініш айтатын. Өйткені, «Көкорай 2Г» мекенжайындағы аялдамада жолаушыларды желден, жаңбыр мен қардан қорғайтын қаңқа болмаған. Мәселе «Әділет» партиясының Алатау аудандық филиалының қолдауымен жергілікті кәсіпкердің демеушілігі арқылы шешімін тапты.
«Әділет» партиясының Алатау аудандық қоғамдық қабылдауына «Самғау» ықшам ауданы тұрғындарының атынан зейнеткер Назигүл Әжіғожаева жүгініп, әсіресе қарт тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін аялдама қаңқасын орнатуға көмек көрсетуді сұрады. Өтініштен кейін аудандық филиалдың партиялық бақылау комиссиясының мүшелері аталған мекенжайға барып, жағдайды зерделеді. Соның арқасында партия филиалының кәсіпкерлерге жүгінгеннен кейін «Көкорай 2Г» мекенжайында жаңа аялдама қаңқасы орнатылды», - деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы Алатау аудандық филиалының төрағасы Жарқын Алдамбергенованың айтуынша, бұл мәселе бір жағынан «ұсақ-түйек» көрінгенімен, халықтың күнделікті өміріне қиындық туғызатын.
«Тұрғындардың күнделікті өміріне әсер ететін мәселелер назардан тыс қалмауы тиіс. Біздің міндетіміз - азаматтардың өтініштерін қабылдап қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын қарастыру. Бұл жолы жергілікті кәсіпкердің қолдауымен тұрғындар көтерген мәселені шешуге мүмкіндік туды», - деді Жарқын Алдамбергенова.
Ал тұрғындар атынан өтініш білдірген Назигүл Ажигужаева көрсетілген қолдау үшін алғысын айтқан.
«Бұл аялдаманы күнделікті көптеген тұрғын пайдаланады. Әсіресе қарт адамдарға жаңбырлы, желді немесе қарлы күндері қоғамдық көлік күту қиын болатын. Өтінішіміз ескеріліп, мәселенің шешілгеніне қуаныштымыз. Қолдау көрсеткен партия филиалы мен кәсіпкер Тау Нұрымбекке алғысымды білдіремін», - деді ол.
Жаңа аялдама қаңқасы тұрғындарға қолайсыз ауа райында қоғамдық көлікті жайлы күтуге мүмкіндік береді. Бұл бастама тұрғындардың өтініші негізінде партияның аудандық филиалы мен жергілікті кәсіпкердің бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асырылды.