Шымкентте перинаталдық орталық пен әуежайдың екінші жолағына 33,5 млрд теңге бөлінді
:аңа медициналық нысан ана мен балаға медициналық көмектің бірнеше бағытын бір жерде ұсынатын орталық ретінде жұмыс істейді
Шымкентте әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобалар жалғасып жатыр. Қалада жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілсе, халықаралық әуежай аумағында екінші ұшу-қону жолағын салу жұмысы қолға алынған. Осы жобалардың құрылысын жалғастыру үшін қосымша 33,5 млрд теңге қарастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаражаттың 10 млрд теңгесі денсаулық сақтау нысанының құрылысына бағытталса, қалған 23,5 млрд теңге әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салуға жұмсалады.
Жаңа перинаталдық орталық қандай болады?
Шымкенттің Ақжайық шағынауданында 200 орынға есептелген жаңа перинаталдық орталық бой көтеріп жатыр. Медициналық мекеме толық іске қосылғаннан кейін жылына шамамен 7 мың ана келіп, босана алады. Жаңа орталықта ана мен балаға медициналық көмекті жүктілікті бақылаудан бастап, босануға және нәрестені емдеуге дейінгі кезеңдерді қамтитын кешенді түрде ұйымдастыру көзделген. Мұнда акушерлік және гинекология бөлімдерімен бірге неонатология қызметі де жұмыс істейді. Сонымен қатар денсаулығында күрделі мәселелері бар жаңа туған нәрестелерге қажетті медициналық көмек көрсету үшін неонаталдық хирургия бағыты қарастырылған.
Орталықтың инфрақұрылымына диагностикалық зертхана мен генетикалық зерттеулер жүргізуге арналған база да кіреді. Бұдан бөлек, әйелдер мен балаларға консультациялық көмек көрсететін және оңалту қызметтерін ұйымдастыратын бөлімшелер ашу жоспарланған.
Осылайша, жаңа медициналық нысан тек босандыру қызметін көрсететін мекеме емес, ана мен балаға медициналық көмектің бірнеше бағытын бір жерде ұсынатын орталық ретінде жұмыс істейді.
Әуежайдың екінші жолағы салынады
Қосымша қаржы бағытталған тағы бір ірі жоба – Шымкент халықаралық әуежайының екінші ұшу-қону жолағының құрылысы. Оған 23,5 млрд теңге бөлінді. Жобаны іске асыру қаладағы әуе көлігі инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Екінші ұшу-қону жолағы әуежайдың мүмкіндігін кеңейтіп, жолаушылар мен әуе тасымалына қажетті инфрақұрылымды одан әрі дамытуға жағдай жасауға тиіс.
Бұл жобалар Мемлекет басшысының Құрылтайдың алғашқы сессиясында берген тапсырмаларын орындау аясында өңірлердегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың қатарына кіреді.