Бүгін, 11:51
Қоғам

«Сіздерге турасын айтайын»: Тоқаев қоғамдық алаңдатқан сұраққа жауап берді

Президент бұрынғы Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан өшпейді дейді

«Сіздерге турасын айтайын»: Тоқаев қоғамдық алаңдатқан сұраққа жауап берді
Фото: Ақорда

Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған бұл ұйым мен бұрынғы Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

«Қазақстан халқының бірлігін нығайту – өте маңызды мәселе. Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет. Бұл ретте бүкіл жұмыстың сапасын жаңа саяси және ұйымдастыру деңгейіне көтерген жөн. Қабылданған шешімдер мен жүргізіліп жатқан реформалардың салдары этномәдени бірлестіктерге қалай әсер етеді деген орынды сауал, тіпті алаңдаушылық туындағанын білемін. Қазақстан халқы ассамблеясы, шын мәнінде, өз жұмысын аяқтады. Бірақ бұл ұйым аясында қалыптасқан пайдалы институционалдық инфрақұрылым керексіз болып қалады дегенді білдірмейді. Сіздерге турасын айтайын: Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық Кеңесінің жұмысында қолданылады», - деді Тоқаев.

Осы ретте президент мемлекет этномәдени орталықтарға, театрларға, бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсете беретінін еске салды.

Және де президент атап өткендей, этномәдени бірлестіктердің өкілдері жоғары конституциялық мәртебеге ие болған Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына да енді.

«Бұрын парламент квотасына сай Сенатқа Қазақстан халқы ассамблеясының 5 мүшесі ғана өтетін. Ал енді Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі кірді. Яғни олар Кеңес мүшелерінің үштен бірін құрайды. Еліміздің орнықты әрі табысты дамуы тұрғысынан ҚХА миссиясының маңызды екеніне осы айқын дәлел. Қазіргі міндетіміз – өнімді жұмыс істеу», - деп еске салды Тоқаев.

Ақорда хабарлағандай, басқаша айтқанда, Халық Кеңесі этномәдени бірлестіктер мен осы салада қызмет ететін басқа да қоғамдық ұйымдарды бір мақсатқа біріктіруі керек.