«Балаңызды бір айға бере тұрыңызшы»: мемлекеттік мектептегі бір оқушы үшін бюджеттен 683 559 теңге бөлінеді

Автор: Махан Миражан

Бұл жағдайға қатысты Түркістан облысы Білім басқармасы түсініктеме берді 

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Жуырда әлеуметтік желіде Ұлттық білім беру базасындағы мәселеге қатысты видео тарады. Видеода Ештай Нұрбек есімді оқушының анасы құжат бойынша баласы басқа мектепте, іс жүзінде басқа мектепте оқитынын айтып, мектеп өкілінен баласын ҰББД жүйесінен шығаруын сұрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ата-ана мен мектеп өкілінің арасындағы бұл дау 2025 жылы Түркістанда болғаны анықталды. 

Ата-ананың сөзінше, баласының деректерін әлдекімдер өңірде сынып ашу үшін өтініп, сұрап алған көрінеді. Ал баласы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте оқып жатса да, деректері басқа білім ордасында тіркеуде тұрғандықтан тиісінше баға ала алмаған.

Видеода мектеп өкілі Ештай Нұрбек есімді оқушының аталған білім беру ұйымының базасында тіркелгенін растайды. Мектеп өкілі баланың мектеп базасында тамыз айында тіркелгенін, кейін қазан айында кеткені туралы бұйрық шыққанын түсіндіреді. Алайда оның сөзінше, оқушы мектепте тіркелген шамамен 44 күн ішінде сабаққа бір де бір рет келмеген.

«Ештай Нұрбекті бұл мектепке Сапаркүл есімді мұғалім алып келген. Оқушыны қабылдау және одан кейін шығару бойынша тиісті бұйрықтар рәсімделген. Бірақ бір ай бойы сынып жетекшісі баланың жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) бермегендіктен оқушы білім сыныбы жүйесіне енгізілмеді», - деп түсіндіреді мектеп өкілі видеода. 

Ал ата-ананың сөзінше, оқушы бір мектептің білім беру жүйесінде тіркеліп тұрса, екінші мектептің ҰББД базасында қалып қойған. Сондықтан баланы жүйеден шығару үшін бұрынғы және кейінгі бұйрықтарға сәйкес құжаттарды ретке келтіру қажет.

Білім басқармасы не дейді

Осы мәселеге қатысты Түркістан облысы Білім басқармасына сауал жолдап, мән-жайдың ақ-қарасын сұрадық. 

«Аталған жағдай өткен оқу жылында орын алған. Мәселе білім басқармасының назарында болып, тиісті деңгейде зерделенді. Зерделеу қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерге байланысты сол кезеңде Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы білім беретін мектептің директоры қызметін атқарған тұлғаға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шара қолданылды. Қазір білім беру ұйымдарында осындай жағдайлардың алдын алу және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда», - деп түсіндірді Түркістан облысының Білім басқармасы.

«Балаңызды бір айға бере тұрыңызшы»

Біз осы видеоға қатысты мән-жайды анықтап жатқанда редакция тілшісіне Астана қаласында тұратын ата-ананың бірі хабарласты. Жұлдыздың (ата-ананың өтініші бойынша есімі өзгеріп отыр) айтуынша, оған Астана маңындағы ауылдардың бірінде жұмыс істейтін туысы хабарласып, «баласын бір айға сұраған».

«Туысымыз мектепте сабақ береді. Биыл ауылдағы мектептің бала саны азайып кетіпті. Сондықтан, сынып ашылу үшін бала жинап жатыр екен. Маған хабарласып, «үшінші сыныпта оқитын балаңызды бір айға құжат бойынша біздің мектепке ауыстыра тұрасыз ба? ҰББД жүйесіне тіркеліп, біздің мектепке ауысып алған соң сынып ашу туралы бұйрық шығады. Сынып ашып алған соң балаңызды қайтадан өз мектебіңізге ауыстырып аласыз» деді. Мен әрине бұдан үзілді-кесілді бас тарттым және бұның қаншалықты заңды екенін білу үшін ақпарат іздеп жатырмын», - дейді кейіпкер.

Сарапшының пікірі

Өзге баланың деректерін пайдаланып өңірде сынып ашу дағдысы қоғамда қаншалықты тарағаны беймәлім. Себебі аталған видеода бұған дейін тағы бір оқушыға қатысты осындай мәселе туып, мектептен шығып кеткені айтылады. Өңірлердегі «сынып ашу» үшін балалардың жеке деректерін пайдалану құбылысына қатысты Qazaq Expert клубының білім беру саласындағы сарапшысы Жазира Асанованың пікірін сұрадық.  

Білім саласындағы сарапшының айтуынша, бұл жағдайды бірден техникалық ақау немесе әдейі жасалған тіркеу деп бағалауға болмайды. Ол үшін баланың Ұлттық білім беру деректер қорындағы тарихын, екі мектептің қабылдау және шығару туралы бұйрықтарын, электронды журналдағы қатысуын және қаржыландыру деректерін салыстыру қажет.

«Баланы сынып ашу үшін әдейі тіркеді деп бірден айтуға болмайды. Кім, қашан және қандай негізде енгізді, ата-ананың келісімі болды ма, сол бала үшін қаржы есептелді ме – осының бәрі анықталуы керек», – деді Жазира Асанова.

Оның сөзінше, оқушы саны мектепті қаржыландыруға да әсер етеді. Сондықтан баланы базаға әдейі енгізудің қаржылық мүддесі болуы мүмкін деген нұсқаны да тексеру қажет. Алайда нақты осы жағдайда заңбұзушылық болды деп айту үшін тиісті құжаттар мен қаржылық есептер зерттелуі керек.

Сарапшы мұндай жағдайлардың алдын алу үшін баланың деректері ауысса, ата-анаға автоматты түрде хабарлама баратын жүйе енгізуді ұсынып отыр.

«Ата-ана деректерді цифрлық түрде растайтын болса, бұл әрі техникалық қателерді, әрі мәліметтерді әдейі бұрмалау тәуекелін ертерек анықтауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Үкімет әр оқушыға қанша қаржы бөледі

2026-2027 оқу жылында Қазақстан мектептерінде 4,1 млн-нан астам оқушы білім алады. Осы ретте біз Қаржы министрлігіне сауал жолдап, мемлекет әр оқушы үшін мемлекеттік мектепке неше теңге төлейтінін анықтадық. 

«2026 жылға мемлекеттік мектептер үшін бір оқушыға шаққандағы орташа норматив – 683 559 теңге. Жекеменшік мектептер және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар (ШЖҚ МКК) үшін 2026 жылға бір оқушыға шаққандағы орташа норматив – 708 212 теңге», - деп жауап берді Қаржы министрлігі.