$ 502.83  545.37  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.07.2020, 10:32
Қоғам

Түркиядан жеткен жасанды тыныс алу аппараты елорда әуежайының қоймасында жатыр

«Екінші тыныс» қайырымдылық акциясы аясында Түркия мен Қытайдан 1000 жасанды тыныс алу аппараты сатып алынған

Түркиядан жеткен жасанды тыныс алу аппараты елорда әуежайының қоймасында жатыр
Фотолардың авторы: Нұрдәулет Әбікеев

Түркиядан келетін жасанды тыныс алу аппаратын күтіп алу үшін елорда әуежайына депутат Дана Нұржігіт бастаған бір топ еріктілер түнгі сағат екіде келіп алды.

Науқастар асыға күтіп жатқан тыныс алу аппаратын тасымалдау үшін әуежай алдында жалданған үш жүк көлігі дайын тұрды. Түнгі сағат екіде Түркиядан Нұр-Сұлтанға жасанды желдету аппараты тиелген арнайы борт ұшып келді.

Бұл маңызды құрылғыны айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева, белсенді, белгілі қаржы кеңесшісі, блогер Дәулет Мұқаев (Dauletten – авт.) бастамаларымен желідегі оқырмандар ақша жинап, сатып алған еді.  

Жоспар бойынша аппараттар еліміздің жүздеген ауданына жіберілуі керек болатын. Бірақ еріктілер екі сағат күткен жүктерін алып кете аламады.

«125 аппаратты түнгі екіден бастап күттік. Бірақ құжат жағынан белгілі бір себептерге байланысты аппараттарды қазір алып кету мүмкін емес», - деді «Dauletten» қайырымдылық қорының директоры. Ұлан Дәулетқали.

Анықталғандай, тыныс алу аппаратын уақытында алып кетуге құжаттардың дұрыс рәсімделмеуі себеп болған. Түн ішінде қайырымдылық қорымен әуежайға келген сенатор Дана Нұржігіт мәселеге араласып көріп еді, нәтиже шықпады.

Қазіргі таңда Түркиядан келген 125 өкпені желдету аппараты әуежай қоймасында жатыр.

«Аппараттар әуежай қоймасында. Оны шулатудың қажеті жоқ. Кейбір кедендік рәсімдеу құжаттары дұрыс жетпеген. Қысқасы қағаз жағы қиындау болып тұр. Қазір таңғы 4-те бұл мәселе шешілмейді. Сондықтан бүгін таңертең тиісті органдар арқылы осы мәселені көтеріп, шешуге тырысамыз», - деді Дана Нұржігіт.

Айта кететіні, «Екінші тыныс» қайырымдылық акциясына жиналған ақшаға Түркия мен Қытайдан 1000 жасанды тыныс алу аппараты сатып алынған.

Айжан Қалиев, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары