«Мен оны кешірер едім...»: Маңғыстау облысының әкімі мас күйде айтысқан Мақсат Ақанов туралы пікірін айтты (ВИДЕО)

Автор: Махан Миражан

Оның пікірін журналист жазып алған 

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Маңғыстау облысындағы Шайыр аулының дүркіреп өткен 100 жылдық мерейтойында бейәдеп қылық көрсеткен атышулы ақын Мақсат Ақанов туралы осы облыстың әкімі Нұрдәулет Қилыбай пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Маңғыстау облысының әкімі ақынға кешіріммен қарайтынын түсіндірді.

«Мақсат Ақанов біртуар талантты жігіт. Екінің бірі ақын бола алмайды. Оның үстіне суырып салма ақын. Мен нақтысын зерттеп көрген жоқпын. Бірақ жағдайды естідім. Дөрекі сөйлеген, тіл тигізген деп жатыр. Бәрінің атынан жауап бере алмаймын. Жеке өз басым сахнаға Мақсат шығып, сынап, қалжынға айналдырса мен оны кешірер едім. Себебі, қазақ аңшыдан қашып келе жатқан қоян шарбағына кіріп кетсе де «құдайы қонағым» деп, қоянға тимейтін болған. Жеке өз басыма тіл тигізген болса, тіпті ойнап болсын, ойнамай болсын бір талант үшін кешірер едім. Қазақта «Елім дейтін бала керек болса, балам дейтін ел болып ал» дейді. Сондықтан ағайынның пікірлеріне мен еш нәрсе айта алмаймын. Әркімнің өзінің ойы бар», - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Сонымен қатар ол Мақсат Ақановтың 6 айға айтыстан шеттетілгеніне пікір білдірді.

«Шабам деп тұрған адамға мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Себебі олар шабу керек, айтысу керек», - деді Маңғыстау облысының әкімі.

Айта кетейік, «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мақсат Ақанов Маңғыстау облысы Шайыр ауылында өткен айтысқа мас күйде шығып, халықтың ашуын туғызды. Оның айтыс кезінде біртүрлі қылық танытып, күліп, бейәдеп сөздер айтқан видеосы әлеуметтік желіде кең тарап, резанонс болды.