«Мүгедектік баланың болашағына кедергі болмауы керек»: «Әділет» фракциясының депутаты Үкіметке талап қойды

Автор: Махан Миражан

Бұл туралы депутат Елдос Баялышбаев Құрылтайда сауал жолдады

Фото: скриншот

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Елдос Баялышбаев Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, мүгедектігі бар балалардың жеке қабілеті мен қажеттіліктеріне қарай білім алуына, спортпен айналысуына және болашақта өз әлеуетін толық іске асыруына мүмкіндік беретін жаңа қолдау тетіктерін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Депутаттың айтуынша, 2025 жылдың соңында Қазақстанда 18 жасқа дейінгі 120 013 мүгедектігі бар бала тіркелген. Олардың арасында зияткерлік қабілеті толық сақталған, білім алуға және қоғамның белсенді мүшесі болуға мүмкіндігі бар, алайда тірек-қимыл аппаратына байланысты шектеулері бар балалар да бар.

«Мұндай балалар білім алып, спортпен айналысып, жоғары оқу орнына түсіп, болашақта өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады. Алайда физикалық шектеулер кей жағдайда баланың денсаулық жағдайынан емес, қоршаған ортаның және қолдау шараларының оның жеке қажеттіліктеріне толық сәйкес келмеуінен кедергіге айналады», – деді Елдос Баялышбаев.

Осыған байланысты депутат мүгедектігі бар балаларды қолдаудың төрт негізгі бағытын ұсынды.

Бірінші бағыт – инклюзивті білім беруді жетілдіру. Баялышбаев зияткерлік қабілеті сақталған, бірақ физикалық мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ресурстық сыныптар мен арнайы білім беру бағдарламаларын қарастыруды ұсынды.

«Білім беру баланың жеке жағдайына бейімделуі керек. Оқыту очно, жеке форматта немесе қажет болған жағдайда жекелеген пәндер бойынша онлайн жүргізілуі мүмкін. Бала толыққанды білім алып қана қоймай, қауіпсіз ортада қатарластарымен араласып, әлеуметтенуге мүмкіндік алуы тиіс», – деді депутат.

Екінші ұсыныс – мүгедектігі бар, жоғары білім алуға әлеуеті бар азаматтардың «Болашақ» халықаралық стипендиясы бағдарламасына қатысуына жағдай жасау.

«Физикалық инвалидность адамның білім алу мүмкіндігін шектемеуі тиіс. Жоғары білім алуға қабілеті мен әлеуеті бар мүгедектігі бар азаматтардың «Болашақ» бағдарламасына қатысуына арнайы механизмдер қарастырып, қажет болған жағдайда жеке квота бөлу мәселесін қарауды ұсынамын», – деді Баялышбаев.

Үшінші мәселе – балалардың спортпен айналысуына жол ашу. 

Депутат мүгедектігі бар балалардың тұрғылықты жеріне жақын орналасқан бассейндерге, спорт секцияларына, фитнес орталықтарына және басқа да спорт нысандарына бару шығынының 70-100 пайызын өтеу тетігін қарастыруды ұсынды.

«Бұл балаларға денсаулығын нығайтып қана қоймай, спортпен айналысуға және қоғаммен бірге қалыпты ортада әлеуметтенуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Төртінші бағыт – мүгедектігі бар азаматтар мен олардың ата-аналарының идеяларын қолдау.

Баялышбаев олардың күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді жақсы білетінін айтып, практикалық шешімдер әзірлеуге арналған жыл сайынғы конкурс өткізуді ұсынды. Мұндай жобалар ортопедиялық құрылғылар, бейімделген жиһаз, оңалту және спорт жабдықтарын жасауға бағытталуы мүмкін.

«Мүгедектігі бар адамдар мен олардың ата-аналары қолданыстағы мәселелерді бәрінен жақсы біледі. Сондықтан олар нақты проблемаларды шешуге арналған практикалық әрі тиімді шешімдер ұсына алады», – деді депутат.

Ол мұндай жобаларды қолдау үшін идеядан бастап дайын өнімді нарыққа шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын гранттық қаржыландыру тетігін пилоттық жоба ретінде енгізуді ұсынды.