Жыл басынан бері 15 науқасқа мөлдір қабық трансплантациясын жасалған
Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының дәрігерлері көзі көрмей қалу қауіпі бар 33 жастағы науқасқа күрделі операция жасап, оның көзін сақтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Науқасқа бес ай бұрын ауыр дәрежедегі кератоконус диагнозы қойылған. Аурудың асқынуына байланысты оның көру қабілеті айтарлықтай төмендеп, мөлдір қабығын ауыстыру керек болған. Дәрігерлердің айтуынша, кератоконус кезінде көздің мөлдір қабығы біртіндеп жұқарып, пішінін өзгертеді. Соның салдарынан көру қабілеті нашарлай береді.
Операцияны Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасы офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимова жасаған. Мамандардың айтуынша, операция сәтті өтіп, трансплантацияланған мөлдір қабық жақсы қабылданған.
Операциядан кейін бес ай өткен соң пациент дәрігерлерге қайта қаралып, жоспарлы тексеруден өтті. Мамандар трансплантация жасалған мөлдір қабықтың жағдайын тексеріп, ота жақсы нәтиже бергенін атап өтті.
Қазір науқастың көзі қалыпты жағдайда. Көру қабілетін сақтап қалуға мүмкіндік берген емнің нәтижесіне пациенттің өзі де көңілі толған.
Ол тексеруден кейін операция жасаған дәрігер Гүлзат Абдраимова бастаған медицина мамандарына алғысын білдірді. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай күрделі жағдайларда уақытылы жасалған хирургиялық ем көзді сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері аурухана мамандары 15 науқасқа мөлдір қабық трансплантациясын жасаған.
Мұндай операциялар донорлық бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Бұл ем тәсілі көру қабілетін жоғалту қаупі бар пациенттердің көз жанарын сақтап қалуға немесе нашарлаған көруін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.