Қазталовтан көлігімен шыққан жолаушы енді Орал қаласына небәрі 5-6 сағатта жете алады

Автор: Алмас Ерсін

БҚО-да 245 шақырымға созылған жол салынып бітті

Фото: Үкімет

Батыс Қазақстан облысында Орал қаласын Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын тасжолдың құрылысы аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, жалпы ұзындығы 245 шақырым жолға жүргізілген реконструкция және күрделі жөндеу жұмысы 100 пайыз аяқталды.

«Жұмыс ұзындығы 142 шақырымға созылған «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» автожолында, сондай-ақ ұзындығы 103 шақырымдық «Өнеге – Бисен – Сайқын» автожолында жүргізілді. Бұл автожолдарды жаңғыртуға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 81,7 млрд теңгені құрады. Жаңартылған жолдар аудандардың облыс орталығымен тұрақты байланысын және Ресеймен мемлекеттік шекараға шығуды қамтамасыз етеді. Осы бағыттар бойындағы елді мекендерде тұратын 54 мың адам үшін Орал қаласына және басқа бағыттарға күнделікті қатынау жеңілдеді. Тауарлар мен жүк тасымалы артып, арнайы көлік қозғалысы жиілей түседі. Барлық учаскелерде алғаш рет асфальт төселді, бұл қозғалыс жағдайларын жақсартып, шалғайдағы елді мекендермен көлік қатынасының жақсартпақ», – делінген хабарламада.

Енді Орал қаласына баратын уақыт екі еседен астамға – 12-14 сағаттан 5-6 сағатқа дейін қысқарды.

Белгілі болғандай, соңғы алты жылда Қазақстанда 31 мың шақырым автомобиль жолы, оның ішінде 12,5 мың шақырым республикалық және 18,5 мың шақырым жергілікті желі реконструкцияланып, жөнделді. Нәтижесінде республикалық желінің нормативтік жай-күйі 89%-дан 93%-ға, жергілікті желі 71%-дан 91%-ға дейін жеткізілді.