Қазақстанда 10 мың адам бір сәтте жүргізуші куәлігінен айырылып қалды
Бұл шешім азаматтардың денсаулық жағдайына байланысты қабылданды
Қазақстанда денсаулығына байланысты көлік жүргізуге болмайтын азаматтардың жүргізуші куәлігі тоқтатылып жатыр. Бүгінде осындай талапқа сәйкес шамамен 10 мың жүргізушінің куәлігі тоқтатылған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның хабарлауынша, мұндай мүмкіндік Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер органдарының ақпараттық жүйелерін интеграциялау нәтижесінде пайда болған. Яғни азаматтың денсаулық жағдайына қатысты медициналық деректер мен көлік жүргізу құқығына қатысты ақпарат өзара салыстырылып, қауіп төндіруі мүмкін жағдайлар анықталады.
Сонымен қатар Қазақстанда әр азаматтың бірыңғай цифрлық медициналық профилі қалыптастырылды. Онда адамның медициналық деректері оның тұрғылықты жері немесе тіркелген емханасына қарамастан сақталады.
«Цифрландыру аясында дәрігерге онлайн жазылу қызметі де кеңінен қолданылып келеді. Бүгінде бұл мүмкіндікті 5,6 млн адам пайдаланған. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтарға скринингтен өту қажеттігі туралы автоматты хабарламалар жіберу жоспарланып отыр. Бұл тұрғындардың профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуіне мүмкіндік бермек», - деп жазды ДСМ.
Үкіметтің ресми мәліметінше, медициналық ақпараттық жүйелерді біріктіру бойынша жұмыс жалғасып жатыр.