Депутаттар енді қалай жұмыс істейді: Құрылтайдың жаңа регламенті қабылданды

Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысы өтіп жатыр

Депутаттар енді қалай жұмыс істейді: Құрылтайдың жаңа регламенті қабылданды
Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысы өтіп жатыр. Күн тәртібіндегі Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыру, заң шығару процесі және депутаттардың қызметін реттейтін Регламент жобасы қабылданды, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Құжат 31 тарау мен 310 тармақтан тұрады.

Регламентке сәйкес, Құрылтайдың негізгі жұмыс формасы – сессия. Кезекті сессия жыл сайын қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өтеді. Депутаттар сессияаралық кезеңде заңнамалық бастамалармен жұмыс істеп, сайлаушылармен кездеседі. Өңірлерге шығу үшін депутаттарға күнтізбелік 10 күнге дейін уақыт беріледі және олар әр сессияда кемінде екі рет сапарға шығуы керек. 

Енді осы Регламент бойынша Құрылтайдың жалпы отырыстары не сәрсенбі, не бейсенбі өтеді. Құрылтай тыңдаулары жұма күні, ал үкімет сағаттары дүйсенбі өтеді. Отырысқа депутаттардың кемінде үштен екісі, яғни 97 депутат қатысқанда ол заңды деп танылады.

«Регламенттің маңызды бөлігі заң шығару процесіне арналған. Заң жобалары Құрылтайда үш оқылымда қаралады. Бірінші оқылымда құжаттың мақсаты мен негізгі ережелері талқыланса, екінші оқылымда енгізілген түзетулер қаралады. Үшінші оқылымда заң жобасы Конституция мен қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіріліп, негізінен редакциялық және техникалық мәселелер пысықталады», - деді Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Снежанна Имашева.

Құжатта депутаттық сауалға қатысты нақты ереже бар. Депутаттар Премьер-министрге, Үкімет мүшелеріне, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары мен өңір әкімдеріне сауал жолдай алады. Оған бір айдан аспайтын мерзімде жауап берілуі тиіс.

«Парламенттік бақылаудың негізгі тетіктерінің бірі – Үкімет сағаты. Оның барысында депутаттар Үкімет өкілдерінің баяндамасын тыңдап, сұрақ қойып, талқылау өткізеді. Сонымен қатар Құрылтайда арнайы тыңдаулар өткізу қарастырылған. Регламент жобасында парламенттік оппозицияға да бірқатар кепілдік берілген. Оппозиция сессия барысында кемінде бір рет тыңдау өткізуге бастама жасап, кемінде екі рет Үкімет сағатының күн тәртібін айқындай алады. Сондай-ақ тұрақты комитеттердің басшылығында оппозиция өкілдерінің болуы көзделген», деді Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі.

Снежанна Имашеваның сөзінше, депутаттардың жауапкершілігі де күшейеді. Отырыстарға дәлелді себепсіз жүйелі түрде қатыспаған, өз дауысын басқа депутатқа берген немесе депутаттық әдеп нормаларын бұзған депутаттарға шара көзделген.  Регламент Құрылтай жұмысының ашықтығын да көздейді. Отырыстар, тыңдаулар мен Үкімет сағаттары стенографияланып, бейнежазбаға түсіріледі. Тиісті материалдарды Құрылтайдың интернет-ресурсында жариялау жоспарланған.

Айта кетейік, Құрылтайдың бүгінгі отырысына 145 депутаттың 140 депутаты қатысып отыр.