Қазақстан 16 жасқа толмаған балаларды әлеуметтік желіден қалай шектей алады – депутат өз ұсыныстарын жария етті
Бұл туралы ұсынысты депутат Жанарбек Әшімжанов Үкіметке жолдады
Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылау ұсынылды. «Әділет» фракциясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан Үкіметке депутаттық сауал жолдап, балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін күшейтуді талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құрылтай депутатының айтуынша, әлеуметтік желі бүгінде баланың уақыт өткізетін ортасы ғана емес, оның психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқына және оқуына тікелей әсер ететін факторға айналған.
«Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірімді қамтыған зерттеуіне сәйкес, әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланатын балалардың үлесі 2018 жылғы 7%-дан 2022 жылы 11%-ға өскен. Қазақстандағы жағдай да алаңдатарлық. 2023 жылы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүргізілген зерттеу бойынша, 9–10 жастағы балалардың 60%-ы, ал 11–12 жастағылардың 66%-ы әлеуметтік желілерде аккаунт ашқан. Балалардың 88%-ында жеке смартфон бар», деді Жанарбек Әшімжанов.
Сонымен қатар балалар арасындағы әлеуметтік желідегі буллинг көрсеткіші де айтарлықтай өскен. Балалар әл-ауқаты индексіне сәйкес, 10–18 жастағы балалардың әлеуметтік желілер арқылы буллингке ұшырау көрсеткіші 2024 жылғы 15%-дан 2025 жылы 33,5%-ға дейін жеткен.
Депутат әлеуметтік желіні шамадан тыс пайдаланудың баланың оқуына, спортпен айналысуына, кітап оқуына және отбасымен қарым-қатынасына бөлінетін уақытты қысқартатынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл зейін қою мен ақпаратты терең қабылдау қабілетіне де кері әсер етуі мүмкін.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы шектеу қою бастамасын қолдаған болатын. Алайда депутат тек заң қабылдаумен шектелмеу керектігін айтып отыр. Ең маңызды мәселе – баланың жасын цифрлық кеңістікте қалай анықтау, жеке деректерді қалай қорғау және жалған аккаунттар арқылы шектеуді айналып өтуге қалай тосқауыл қою.
Әділет» фракциясының депутаттары осыған байланысты Үкіметке төрт ұсыныс жолдады:
- 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылау;
- балалардың жеке және цифрлық деректерін қорғау;
- мектептерде цифрлық гигиена мен медиасауатты жүйелі оқыту;
- әлеуметтік желінің балалардың психологиялық жағдайына, ұйқысына және оқу үлгеріміне әсерін тұрақты зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізу.
Депутат Үкіметтен депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жауап беруді сұрады.