«Ардагерлерді ардақтайық»: «Әділет» партиясының жастары Қазақстан бойынша ізгі акция өткізді
Партия өкілдері аймақ-аймақтағы қарттарға құрмет танытқан
«Әділет» партиясының өңір-өңірдегі жастары қазыналы қарттарға құрмет танытып, олардың өмірі мен жүріп өткен жолынан тәлім жинап қайтты. Жастар олардың тұрмыс-тіршілігіне де қолғабыс етіп, нағыз кішілікті сөзбен емес, іспен дәлелдеген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Партияның баспасөз қызметі ұсынған ақпарат негізінде аймақтағы бұл ізгі акция қалай өткенін бір топтамаға жинадық.
Абай облысының жастары жалғыз тұратын ардагерге көмектесті
«Әділет» партиясының Семейдегі «Жастар Рухы» жастар қанатының 20 еріктісі «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында жалғызбасты ардагер Болат Кәрімовтің үйіне барып, көмек берген. Дәлірек айтсақ, қарияның ауласын тазалап, тұрмысына тіреу болып қайтқан.
Жалпы, дереккөзге сүйенсек, бұл акция Абай облысында 30 рет өткен екен. Облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Темірлан Бақтияров «неше рет өтсе де бұл акция – аға буынға көмек көрсетумен қатар, жастарға жауапкершілік пен жанашырлықтың мәнін көрсететін мүмкіндік» дейді.
Ал ерікті Нұрай Занованың пікірінше, «кейде жастар үшін қалыпты көрінетін бір сағаттық еңбек басқа адам үшін үлкен жеңілдік болуы мүмкін».
10 бала, 17 немере мен 19 шөбере
Шығыс Қазақстан облысындағы «Әділет» партиясының жастары «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында тыл ардагері, «Алтын алқа» иегері, 96 жастағы аяулы ананың үйіне барып, ғибратты ғұмырымен танысқан. Ардагердің 10 бала, 17 немере, 19 шөбересі бар екен.

«Жастар рухы» жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Эльмира Нұрсейітова қарияның үйіне өзі барып, жастармен бірге әңгімесін тыңдаған.
«Ардагерлер - біздің тарихымыздың тірі куәгерлері. 96 жасқа келген анамыздың өмір жолы, еңбегі мен ұрпағына берген тәрбиесі - кейінгі буынға үлкен өнеге. Осындай кездесулер арқылы жастарға үлкенді сыйлау, батасын алу, қамқорлық көрсету сияқты ұлттық құндылықтарды дәріптейміз. Апамыздың ақ батасын алып, көңілін бір сәтке болса да көтергенімізге қуаныштымыз», - Эльмира Нұрсейітова.
Жетісу облысының жастары Ауған соғысының ардагерімен кездесті
«Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері Талдықорған қаласының тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Бұлғын Қасымбаев атаның шаңырағына арнайы барып, көмек көрсетті.

Жастар ардагердің ауласын тазалап, үйінің маңын ретке келтіріп берген. Бұл аралықта Бұлғын Қасымбаев жастарға әскери қызметтегі жолын, Ауған соғысындағы қиындықтарды және ең бастысы – бейбіт күннің қадірін түсіндіріп берген.
«Ардагерлерге құрмет көрсету – баршаға ортақ парыз. Біз бүгінгі көмегіміз арқылы үлкен кісіге деген сыйластығымызды білдіріп, аула жұмыстарына қолғабыс еттік. Осындай игі істерді жастар арасында тұрақты түрде жалғастыру маңызды деп санаймыз», – дейді акцияға қатысқан жастар.
Акция Қарағанды облысында да жалғасын тапты
Аға буын өкілдеріне құрмет көрсету мен қолдау білдіруге бағытталған «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы Қарағанды облысында да жалғасқан.
«Әділет» партиясының Қарағанды облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері де бір қарияның үйіне барып, оның ең ауыр шаруаларын атқарып берген. Яғни, қарияның ауласын тазалап, қамқорлық танытқан.
Қостанай жастары өнер қайраткеріне барып, құрмет көрсетті
Акция аясында «Әділет» партиясы Қостанай облыстық филиалының «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері 73 жастағы Людмила Абрамованың үйіне барған.
Айта кетейік, дереккөзге сүйенсек, Людмила Абрамова Алматы қаласында дүниеге келген. Жастайынан өнерге қызығып, музыкалық мектепті тәмамдаған. Кейін музыкалық ансамбль құрамында өнер көрсетіп, шығармашылықпен айналысқан. Қазір Людмила Абрамова жалғыз тұрады екен. Сондықтан жастардың арнайы келіп, тұрмысына көмектескеніне ол қатты қуанған.
«Жастардың арнайы келіп, көмектескеніне ризамын. Үйдің ауласын тазалап, қолғабыс көрсетті. Осындай қамқорлық адамға үлкен қуаныш сыйлайды», - деді Людмила Абрамова.
Қызылорда жастары жалғызбасты қарияның ауласын тазалап берген
«Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының жастары «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында қаладағы жалғызбасты қария Нағима Жұманазарованың хәлін сұрап, үйіне барған.

Жастар ардагердің ауласындағы қалың шөпті жұлып, есігінің алдын тазалап берген. Ізгі іске ризашылығын білдірген ардагер жастарға ақ батасын беріп, алғысын жеткізді.
«Тілектеріңнің бәрі орындалып, әрқашан жолдарың ашық болсын! Жастарымыз аман болсын! Дегендеріңе жетіп, тілектерің қабыл болсын! Өмірлерің ұзақ болып, қиыншылық көрмей, жарқын өмір сүріңдер!», – деген қария.
Осылайша, «Әділет» партиясының ізгі акциясы ардагерлердің алғысына бөленген.