ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 78 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Түркістан облысындағы демалыс аймақтарына блок-бекеттер қойылды

Тұрғындар медициналық маска тағып жүруге міндеттелді

Елде жарияланған карантиндік режимге байланысты Түркістан облысы Төлеби ауданында сақтық шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Ауданның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері А. Еркінбекованың қаулысына сәйкес, ел ішіндегі коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында бірқатар шектеу шаралары қолға алынды. Атап айтқанда, тамыз айының 3-інен бастап 17-іне дейін аудандағы демалыс орындары жұмысын тоқтатады. Осыған байланысты Екпінді және Қасқасу елдімекендерінен өтетін жолдарға блок-бекеттер қойылып, демалушылардың таулы аймаққа кіруіне тыйым салынды. Сондай-ақ, аудандағы бассейндер мен өзен бойларындағы жағажайлар да жұмысын эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанша демалушыларды қабылдауға шектеу қойылды.

Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға да бірқатар міндеттер жүктелді. Енді азаматтар көшеде жүргенде медициналық бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша отбасылық шараларды өткізуге болмайды.

Бұдан өзге, Шымкент қаласына жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктер де белгіленген мерзімде жұмыс істемейді. Ал елдімекендер арасында қатынайтын қоғамдық көліктердің жұмыс режимі қысқартылды.

Айта кетейік, қаулыда көрсетілген талаптарды орындамай, карантиндік режимді бұзған азаматтар заңда белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.