Сотта құрылыс саласының бас сарапшысы куәлік етті
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында құрылыс саласының сарапшысы Бауыржан Қазиев прокурорлардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бауыржан Қазиевтың құрылыс саласында 18 жылға жуық тәжірибесі бар маман. Ол қайғылы жағдай болған Тәуелсіздік, 24 мекенжайындағы тұрғын үйдің құрылысына қатысты бірқатар мәселелерді атады.
Айтуынша, ғимарат бірден апатты күйге түспеген. Жылдар бойы жөнделмеген, оның үстіне техникалық тексеруден өтпеген.
«Әу баста ғимаратты тұрғызғанда құрылыс талаптары бұзылған. Тиісті материалдар қолданылмаған. Орнына сапасыз материалдарды пайдаланған», - деді маман.
Сарапшының сөзінше, 2017 жылы тұрғын үйге техникалық тергеп-тексеру жұмыстары өз деңгейінде өтпеген. Салдарынан апатты жағдайға әкелетін сызаттар мен жарықтар байқалмай қалған.
«Ғимаратты сыртынан ғана бақылап, тексеруге болмайды. Арнайы техникалармен қарап, геодезия жұмыстарын жүргізу керек еді. Техникалық құрылғылармен тексеріс жұмыстарын күшейтуге тиіс еді», - деп түсіндірді.
Бауыржан Қазиев тұрғын үйдің шөгуіне әсіресе сыртқы фактор қатты әсер ететінін айта кетті.
«Ғимараттың көбінесе төменгі бөлігіне күш түседі. Сондықтан ең алдымен нысанның төменгі бөлігі қирап бастайды. Бұл фасадқа да тікелей байланысты екені белгілі. Жаңбыр, жел, қар сияқты факторлардан кейін де сапасыз құрылыс өз кейпін көрсетеді»,- деді Қазиев.
Айта кетейік, бұған дейін сот отырысында тәуелсіз сарапшы Вероника Лобаева тұрғын үй нысанындағы құрылыс жұмыстарына қатысты талаптың бұзылғанын айтты. Сонымен қатар тұрғын үй басшысы Сәуле Жұбаниязова нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 600 млн теңге қаржы керек екенін жеткізді.