Білім басқармасы жаңадан сыныптар ашты
Астананың Есіл ауданындағы №95 мектептің бірінші сыныбында 47 бала оқыған. Ата-ананың жазбасынан кейін Білім басқармасы жаңа сыныптар ашылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Астана. Есіл ауданы. №95 мектеп. Бір сыныпта 47 бала отыр. Бұл не сұмдық? Бұл балалар қалай білім алады?» – деп жазған ата-ананың бірі.
Редакция осы жазбаның рас-өтірігін анықтау үшін қалалық Білім басқармасына хабарласып, пікір сұраған еді. Білім басқармасы бұл мектепте бала саны көп емес дейді.
«Оқу жылы басталып кетсе де, ата-аналар баласының құжатын әлі тапсырып жатыр. Сондықтан бала саны көбейген. Оқушылардың саны асып кеткен соң, мектеп жаңа сыныптар ашты», – деп хабарлайды Білім басқармасының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы жылдары Қазақстанның үлкен қалаларында бірінші сыныпқа баратын баланың көп болғаны соншалық, кей мектеп «Шы» немесе «Ы» деген сынып ашқан.