Щучьедегі алапат жарылыс: 12 адамның қазасына кінәлі дәмхана иесі 7 жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

Қайғылы оқиға биыл ақпан айының соңында болды

Фото: Видеодан скрин

Щучинскіде биыл ақпан айының соңына таман қоғамды дүр сілкіндірген оқиға болды. Қаладағы дәмханалардың бірінде ойламаған жерден жарылыс болып, 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі деңгейде жарақат алды. Іс Ақмола облысының сотында қаралып, кафе басшысы мен тағы бірнеше жауапты тұлғаға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, кафе басшысы қауіпсіздік талаптарын сақтамаған. Нақтырақ айтқанда, дәмханада газ баллондарын пайдаланып қана қоймай, оларды жылыту радиаторларына жақын жерде сақтаған. Бұдан бөлек, қызметкерлеріне және газ жабдығын пайдалануға жауапты тұлғаларға тиісті нұсқама жүргізбеген.

Ал газ тасымалдау және оны жеткізуге қатысты рұқсаты жоқ адам кафеге газ баллондарын жеткізіп жүрген. Қайғылы жағдай болардан бірнеше күн бұрын, яғни 25 ақпанда ол кафеге екі газ баллонын жеткізген. Оқиға күні сол баллондардың біреуі жарылған. Бұдан бөлек, баллондардың біріне рұқсат етілген мөлшерден артық газ толтырылғаны анықталды.

«Шерол 2017» ЖШС директоры қажетті құжаттары, арнайы жабдықтары, баллонға қанша газ толтырылғанын тексеретін құралдары және оқытылған қызметкерлері болмаса да, тұрмыстық газ баллондарын тұрақты толтырып жүрген.

Газ баллонының шамадан тыс толтырылуы және оның кафеде жылыту радиаторының жанында сақталуы салдарынан қызып, баллон ішіндегі қысым жоғарлаған. Соның салдарынан баллон жарылып, алапат өрт шыққан. Салдарынан 12 адам қаза тауып, 11 адам жарақат алған. Ал ғимарат иесіне 19 млн 250 мың 112 теңге мөлшерінде материалдық залал келген.

«Сот үкімімен кафе басшысы мен газ жеткізген қызметкерге 7 жылдан, ал «Шерол 2017» ЖШС директорына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды», – делінген Бурабай аудандық сотының хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін жарылыстан қаза тапқандардың отбасына 2 млн теңгеден берілетіні хабарланған.