Қазақстандықтар өткен айда зейнетақы қорынан баспана үшін 27,5 млрд теңге алған – зерттеу
Ай сайын мыңдаған қазақстандық зейнетақы жинағын тұрғын үй мәселесін реттеу үшін алып жатыр
Биыл тамыз айында қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін БЖЗҚ-дан 27,5 млрд теңге алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Data Hub-қа сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір ай бұрын бұл көрсеткіш 27,1 млрд теңге болған. Қазір төлем көлемі 2024 жылғы маусымнан бергі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Алайда бұл деректерді бұрынғы көрсеткіштермен тікелей салыстыру дұрыс емес. Себебі биыл маусым айынан бастап Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік беретін ең төменгі шек, яғни зейнетақы шотында қалуы тиіс сома өзгеше есептеле бастады.
Әдістеме қайта қаралғаннан кейін жинағын алуға мүмкіндігі бар салымшылардың қатары айтарлықтай азайды. Есесіне бұл мүмкіндігін сақтап қалған азаматтардың қолжетімді қаражатының орташа сомасы артты.
БЖЗҚ мәліметінше, өзгерістерге қарамастан, зейнетақы жинағын тұрғын үй мәселесін реттеу үшін ай сайын мыңдаған қазақстандық алып жатыр. Мысалы, шілдеде олардың саны шамамен 8,8 мың адамға артса, тамызда да осы шамада өскен.
«Бұл көрсеткіштерді өткен кезеңдермен салыстыру да оңай емес. Бұған дейін БЖЗҚ орындалған өтініштер санын есептесе, қазір алушылар саны есепке алынады. 2025 жылы ай сайын орта есеппен 100 мыңнан астам өтініш орындалған. Ал биыл қаңтар-мамыр аралығында бұл көрсеткіш шамамен 58 мың болған. Қазақстандықтар зейнетақы жинағын көбіне тұрғын үй сатып алуға пайдаланады. Шілде мен тамыз айларында мұндай мәмілелер бойынша түпкілікті есеп айырысуға төлемдердің жалпы сомасының 58%-ы жұмсалған. Бұл ретте қаражаттың бір бөлігі қорға қайта қайтарылады. Тамызда қазақстандықтар БЖЗҚ-ға шамамен 4,9 млрд теңге қайтарса, шілдеде бұл сома шамамен 10 млрд теңге болған», – делінген Data Hub зерттеуінде.
Қазақстандықтар ақшаны пайдаланудан бас тартқан, қажетті құжаттарды жинай алмаған немесе тиісті мақсатқа сай жұмсалғанын растай алмаған жағдайда қорға қайтарады.