Сатушылардың тек 50%-ы кәмелетке толмағандарға темекі сатуда жауапкершілікті сезінеді – сауалнама
Қазақстан қалаларындағы 400 дүкен сатушысы арасында сауалнама жүргізілді
Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығы (ҚСКҚ) «Adal Nietpen» жобасы аясында құрамында никотині бар өнімдерді сату тақырыбында дүкен сатушылары арасында сауалнама жүргізді. Сауалнама 2020 жылдың маусым айының екінші жартысында сұхбат әдісімен Қазақстан қалаларындағы 400 дүкен сатушысы арасында өткізілді.
«Сатушының жасөспірімге никотині бар өнімді сату туралы шешімінің артында не тұр, осы сауалнаманың қорытындысы бізге жағдайды толығырақ түсінуге көмектеседі. Зерттеудің кейбір көрсеткіштері Adal Nietpen жобасының тиімділігін өлшеу үшін негізгі индикаторларды сипаттайды», - дейді ҚСКҚ басқармасының вице-президенті Жібек Әжібаева.
Сауалнама қорытындысы бойынша:
- Сатушылардың тек 37%-ы кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатуға қазіргі күнгі тыйым салуды – темекі шегуге қарсы күрестің тиімді шарасы деп санайды.
- Сатушылардың көпшілігі (55%) ҚР сауда нүктелерінде кәмелетке толмаған сатып алушыларға темекі өнімдерін сатуға тыйым салу толық көлемде сақталады деп санайды; бұл ретте әрбір бесінші сатушы жағдайдың керісінше екеніне сенімді.
- Сатушылардың пікірінше, кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатуға тыйым салуды сақтамаудың негізгі себебі – қаржылық себептер және табыс алу қажеттілігі (47%).
- Сатушылардың едәуір бөлігі (37%) темекі шегу мен никотинге тәуелділікпен күресудегі дүкен сатушыларының рөлін маңызды емес деп санайды.
- Сұралған сатушылардың 53%-ы өз қаласының дүкендерінде кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сату жағдайлары туралы естіген.
- Сатушылардың 54%-ы кәмелетке толмаған сатып алушыға темекі өнімдерін сатудан бас тартса, олар өнімді басқа дүкеннен сатып ала алады деп санайды.
- Сатушылардың 20%-ы тыйымды бұзған сатушылар бұған жиі жауап береді деп санайды.
- Көптеген сатушылар (91%) темекі өнімдерін сату ережелерінің толық сақталуын мәлімдейді. Егер әлеуетті сатып алушының жасын анықтау қиын болса, 10 сатушының 9-ы жеке куәлікті көрсетуді сұрайды.
Сонымен қатар, сатушылардың темекі өнімдерін сатқаны үшін жауапкершілігі туралы пікірлер екіге бөлінді: сауалнамаға қатысушылардың 50%-ы сатушы кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатқаны үшін жауапты болуы тиіс деген пікірді ұстанады, 46%-ы олардың жауапкершілік аймағына тек дүкенде тауарды сату кіреді және балалар арасында темекі шегуге қарсы күрес үшін ата-аналар мен мемлекет жауапты деп санайды.
«Кәмелетке толмаған сатып алушылар – тәжірибесіздігіне байланысты өмірінде көптеген жылдарға созылатын зиянды әдеттерге ие аңғал жасөспірімдер. Сатушыларды біздің қозғалысқа қосыла отырып, өскелең ұрпаққа жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», - дейді ҚСКҚ атқарушы директоры Ермек Рахметов.