Түркістанда ер адам 25 жыл отасқан жұбайын пышақтап өлтірген: 54-тегі әйел ауруханада жан тапсырды

Автор: Махан Миражан

Кейбір дереккөз күдікті өз-өзіне қол жұмсамақ болды деген ақпарат жариялады 

Фото: t.me/kriminal_kazakhstan

Түркістан облысында егде жастағы ер адам 25 жыл отасқан әйелін пышақтап өлтірген. Алдын ала мәлімет бойынша, екеуі үйінде сөзге келген. Ал қансырап жатқан әйелді алдымен кіші баласы тауып алып, жедел жәрдем шақырған.  Алайда, әйел адам есін жимастан, реанимацияда жан тапсырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл ақпаратты біздің редакция Түркістан облысының Полиция департаменті растады. 

«Күдікті ұсталып, қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешім қабылданбақ. Тергеу мүддесіндегі өзге де ақпараттар ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», - деді Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ал көршілерінің айтуынша, ауыр жарақат алған әйелді ең бірінші оның кіші ұлы байқаған. Анасының дауысын естіген жас жігіт бөлмеден шығып, оны қан-жоса күйде көрген. Ол дереу жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер әйелді аман алып қала алмады. Ерлі-зайыпты шамамен 25 жыл бірге тұрып, төрт бала тәрбиелеген. Қайғылы оқиғаға нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз.