Алматыда түнде көше жабылады: учаскесі мен мерзімі белгілі болды
Көлік қозғалысы 3 қыркүйек сағат 23:00-ден 4 қыркүйек таңғы 05:00-ге дейін шектеледі
Алматыда Жұбанов көшесінің бір бөлігі түнгі уақытта жабылады. Бұған орташа жөндеу жұмыстары себеп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы бүгін, 3 қыркүйекте Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жұбанов көшесінің бір бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Атап айтқанда, асфальтбетон жабынының жоғарғы қабатын төсеуге байланысты 3 қыркүйек сағат 23:00-ден 4 қыркүйек сағат 05:00-ге дейін Өтеген батыр көшесінен Алтынсарин даңғылына дейінгі аралықта көлік қозғалысы толығымен жабылады», – делінген хабарламада.
Жөндеу жұмыстары жүргізілетін учаскеде ескерту белгілері орнатылады.
«Жөндеу жұмыстарының мерзімі ауа райына немесе өндірістік қажеттілікке байланысты өзгеруі мүмкін», – деп ескертті әкімдік.