«Тазының күтімі – тазалық»: 40 жыл бойы қазақы тұқымды баптап келе жатқан зейнеткердің сұхбаты

Бүгінде оның 15 тазысы бар 

«Тазының күтімі – тазалық»: 40 жыл бойы қазақы тұқымды баптап келе жатқан зейнеткердің сұхбаты
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қазақ үшін тазы аңшылыққа шығатын жүйрік ит қана емес, ұлттық болмыспен біте қайнасқан ерекше тұқым. Ал төбет – ата-бабамыздың төрт түлігін күзеткен, түзін аңдыған айбарлы ит. Екеуі де қазақтың тұрмыс тіршілігінде өзіндік орны бар қасиетті жануарлар саналады. Сондықтан қазақ тазысы мен төбеті күні қарсаңында бұл тұқымдарды сақтап, баптап жүрген жандардың еңбегіне назар аудару маңызды.

Тазының тарихы ғасырлар қойнауынан басталады. Оның жүйріктігі қырағылығы мен аңшылық қабілеті қазақ даласында ерекше бағаланған. Алайда уақыт өте келе ұлттық тұқымның саны азайып, тазылардың табиғи қасиеттерін сақтап қалу мәселесі күн тәртібіне шықты. Сондықтан Azattyq Rýhy қазақы тазыны көбейтіп қана қоймай, оның түпкі қасиетін жоғалтпай, дұрыс баптауға күш салып жүрген азаматпен сұхбат жүргізді.

Дінмұхамбет Наурызбаев – Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қостөбе ауылында тұрады. Ол 65 жас ғұмырында қазақы тазыны 40 жылға жуық уақыт бойы баптап, өсіріп келеді. Бүгінде оның 15 тазысы бар.

Атасының аманатын жалғаған

Дінмұхамбет Наурызбаевтың тазыға деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Оның айтуынша, бұл әуестік атасынан дарыған.

«Бөлеген атам соғыстан кейін, шамамен 1950 жылдары тазы асырай бастаған. Бала кезімізде тазыны көріп өстік. Бірақ бертін келе жоғалып, естен шықты. Әскерден келгеннен соң ғана аманатты қайта жалғастырып, тазы баға бастадым», - дейді ол.

Осылайша, бала күнінде көрген тазылар оның өмірінің бір бөлігіне қайта айналған. Бүгінде Наурызбаев қазақтың құмайша шаққұлақ тазысын баптайды. Оның айтуынша, тазы асырау сырт көзге оңай көрінгенімен, шын мәнінде үлкен жауапкершілікті талап етеді.

«Тазыға үлкен күтім қажет. Әсіресе күшік кезінде дұрыс баптау маңызды. Олар өте нәзік болады. Оған көп күш пен қаражат қажет. Уақытында екпе салдырып, дәрі қабылдауы тиіс. Сонымен қатар кішкентайынан аңшылыққа үйрету керек», - дейді тазының иесі.

Яғни, тазыны жай ғана аулада ұстап, уақытылы тамақтандыру аз. Оның денсаулығына, физикалық дайындығына, тазалығына және аңшылық қабілетіне бала кезінен көңіл бөлу керек.

Тазының басты күтімі – тазалық

Қазақ тазысының сыртқы сымбаты оның ерекшелігін көрсетеді. Ұзын аяғы, жеңіл қимылы мен қырағы жанары оны басқа ит тұқымдарынан даралап тұрады. Бірақ бұл сұлулықтың артында күнделікті күтім мен еңбектің тұрғанын тазы баптаушылар жақсы біледі. Дінмұхамбет Наурызбаев та тазы күтіміндегі ең маңыздысы тазалық екенін айтады.

«Тазының күтімі – тазалық. Оны азаптамай, баптап өсіру қажет. Бар махаббатың мен ықыласыңды төгу маңызды», - дейді ол.

Бүгінде тазыға деген көзқарас та өзгерген. Бұрын оның негізгі міндеті аңшылық болса, қазір ұлттық тұқымды насихаттау, көрмелерге қатыстыру, тұқымдық ерекшелігін сақтау жұмыстары қатар жүріп жатыр.

Дінмұхамбет Наурызбаевтың тазылары да халықаралық деңгейдегі шараларға қатысқан. Оның айтуынша, 2024 жылы оның екі тазысы Астанадағы қазақы тазыға арналған халықаралық көрмеге қатысқан.

«Бұл – қазақы тазының тек Қазақстан ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде танылуына жасалған қадамдардың бірі», - дейді ол.

«Тазыны ит деп айтуға болмайды»

Тазыны ширек ғасырға жуық бағып келе жатқан маман үшін бұл тұқымның орны бөлек. Ол тазыларға тек жануар ретінде емес, ұлттық мұра ретінде қарайды.

«Тазыны ит деп айтуға болмайды. Ол біздің жеті қазынаның біреуі ғой. Сондықтан ол өте қасиетті болып саналады. Бүгінде тазыларды бұрынғыдай қараусыз бос жіберіп қою азайған. Көп жағдайда иелері оларды көрмелерге апарып, таныстырып, тұқым ерекшелігін көрсетуге тырысады. Бұл да қазақы тазыға деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді», - деп түсіндіреді баптаушы.  

Дегенмен маманды алаңдататын бір мәселе бар.

«Қазір жарғақ деген тазы көп кездесіп жатады. Олар грейхаунд тазыларының породасын құртуы мүмкін. Дегенмен көпке топырақ шашпаймын. Ең бастысы тазыларды көбейту барысында тұқымның табиғи ерекшеліктерін жоғалтып алмау маңызды», - дейді Наурызбаев.

Тазы баптаушының айтып отырған мәселесі – қазақы тазының сыртқы сипаты мен табиғи қасиеттерін сақтап қалу. Яғни, оның айтуынша, тазының жүйріктігі дала тарихымен бірге жалғасып келеді. Сондықтан оны жай ғана үй жануары деп қабылдау – оның қазақ мәдениетіндегі маңызын тарылту. Оны сақтау өткенге құрмет қана емес, келешекке қалдырылатын ұлттық мұраға деген жауапкершілік.