Сотта қайғылы жағдай болған үйдің тұрғыны куәлік етті
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында тағы бір куәгер жауап берді. Ол – қайғылы жағдай болған үйдің тұрғыны Константин Костенко, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Константин Костенко – Тәуелсіздік, 24 мекенжайындағы тұрғын үйде 2020 жылдан бері тұрады. Сонымен қатар ол 2004 жылы осы үй салынар кезде, құрылыста инженер болып
Сөзінше, тұрғын үй сапалы салынған.
«Бұл тұрғын үй салынған кезде инженерлік желілерді жасадым. Яғни, су құбыры, кәріс құбыры және жылу құбырларын жүргіздім. Ол кезде үйдің құрылысна қатысты апатты жағдайды байқамадым. Егер байқасам, ондай үйде тұруға кеңес те бермес едім», - дейді ол.
Константин Костенко тұрғын үйдің бұрынғы және қазіргі басшысын жақсы танитынын және олар үйдің ахуалына бей-жай қарамағанын түсіндірді.
«Әрдайым тұрғын үйде жиналыс ұйымдастырылып тұратын және бұл тұрғыда басқарушы Сәуле Жұбаниязова өте белсенді болды. Гүлжауһар Ахметова да сондай болатын. Инженерлік желілер бойынша мәселе туындаса үнемі маған айтатын, себебі бұл салада маман екенімді жақсы біледі. Екеуін де жауапсыз адамдар деп айта алмаймын. Ғимаратта ондай жарықтар мен сызаттар бұрын болмаған еді. Мен тоғызыншы қабатта тұрамын. Егер де қандай да апатты жағдай болса, бірден байқайтын», - деді куәгер.
Сонымен қатар, ол қайғылы жағдай болған күні үйде болғанын айтады.
«Ұлдана кондиционердің сыртқы блогы түсіп кеткеннен қаза болды. Апатты күні күн борап тұрды. Терезеден қарағанымда топырақтың түсіп жатқанын байқадым, сөйтіп далаға шықтым, жедел жәрдем келді. Кейін 8-10 минутта төтенше жағдай мамандары келді. Сол кезде төбеден түскен кірпіштің үгінділерін көрдім. Ол уақытта жел, қар мен жаңбырдың әсерінен ғимараттың сол жақ батыс беткейіне күш түсті. Соның салдарынан, эрозия болды деп ойлаймын», - деді ол.
Константин Костенко құрылыс саласының маманы ретінде тұрғын үйлердің орналасуы мен қашықтығы жағынан логистикалық қателік бар екенін түсіндірді.
«9 қабатты үй мен 3 қабатты комерциялық нысанның қашықтығы тіпті 2004 жылы кемінде 4-тен 8 метрге немесе 12 метрге дейін болуы керек. Яғни джет-логистика бойынша солай болуы керек. Тіпті 5 қабатты нысан болса осындай қашқытық сақталады», - деді маман.
Айта кетейік, бұған дейін сот отырысында апат болған тұрғын үйге осыдан 5 жыл бұрын жөндеу жұмыстарын жасаған маман куәлік етті.