«Үй шөккен соң, кірпіштер де шөккен»: Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты істе жаңа куәгер жауап берді
Сотта 5 жыл бұрын тұрғын үйге жөндеу жасаған маман куәлік етті
Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысында осыдан бес жыл бұрын осы үйді жөндеген жұмысшы куәлік етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Тимуш Тайслов 2012 жылдан бері қаладағы ғимараттарды техникалық жағынан жөндейтін жеке кәсіпкер. Қайғылы жағдай болған үйді 2021 жылы тапсырыспен жөндеген де осы кісі екені анықталды. Негізгі қызметі - өнеркәсіптік альпинизм.
«Қайғылы жағдай туралы ең алдымен әлеуметтік желіден көрдім. Бірақ, мен 5 жыл бұрын жөндеген үйдің қасбеті құлады деп ойлаған жоқпын. Мені тергеуге шақырған кезде бір-ақ білдім», - деді ол.
Оның сөзінше, осыдан бес жыл бұрын оған сол кезде тұрғын үйді басқаратын Гүлжауһар Ахметова хабарласып, демонтаж жұмыстарына тапсырыс берген.
«Ол тұрғын үйдің фасадында жарықтар пайда болғанын түсіндірді. Ғимараттың шытынап кеткен жерін ғана көрсетіп, жөндеу керек деді. Ғимараттың арты мен бірінші кіреберістің алдын жөндеу керек екенін байқадым. Үй шөгіп жатқан соң, кірпіштер де шөгіп, жөндеу керек екені байқалды», - деді Тайслов.
Куәлік еткен маманның сөзіне сенсек, ол тұрғын үй аралап апатты бөліктерге қатысты баға бермеген. Тек Гүлжауһар Ахметованың көрсеткен жерлерді ғана жөндеген. Кейін жөндеп біткен соң, құрылыс сапасына кепілдік беру туралы сөз болмағанын атап өтті.
«Құрылыста тәжірибем бар, бірақ мамандық бойынша білімім жоқ. Негізі құрылыстың сапасына қатысты 2-5 жылға дейін кепілдік береміз. Бірақ сол уақытта тапсырыс берген адаммен кепілдік туралы сөз қозғалмады», - деді ол.
Айта кетейік, күні кеше сот отырысында тұрғын үйде 20 жылдан астам уақыт тұратын тұрғын куәлік етіп, үйдің қабырғасы үнемі шытынап кететінін айтты.