«Алдымыздан ешкім өткен жоқ»: марқұм Ұлдана Мырзуанның анасы экс-күйеу баласына қатысты видеоүндеу жасады

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол қазір сот процесі жүріп жатқанын айтты

Фото: видеодан скриншот

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның экс-жұбайы Әділет Зейнелдің араға 8 ай салмай екінші мәрте үйленуіне қатысты анасы видео үндеу жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заңгер Нұрсұлтан Орынбек атағандай, Ұлдананың өмірден өтуіне қатысты қазіргі таңда қылмыстық іс аяқталуға жақын. Қазір іс материалдарымен танысып жатыр.

«Көпшіліктің сұрауы бойынша алдарыңызға шығуыма тура келді. Әділеттің бүгінгі іс-әрекеті бойынша «алдарыңыздан өтті ме?» деп жатыр. Жоқ, ата-анасы да, үлкендері де алдымыздан өткен жоқ. Тағы айта кететін жағдай, қызымның тергеуі болып жатыр. Әділет жәбірленуші ретінде танылған. Енді ол жәбірленуші ретінде бас тартқанын қалаймын. Заң талабына сәйкес қызымның 17 жасынан жинақталған зейнет қорындағы ақшасы Әділетке берілді. Маңдай терімен алған көлігі 18 қарашадан 22 шілдеге дейін Әділетте болып, жақында ғана ата-анасына, біздің атымызға аударылды. Анасы ретінде қызымның заңды мүдделерін қорғауға өз ниетімді білдіремін», – деді Салима Ершанқұлқызы.

Әділет Зейнелдің әйелінің қазасынан кейін 8 айдан кейін үйленуін көпшілік сөкті. Марқұмның бауырлары да наразылықтарын білдіріп, жазба қалдырған.

Еске салсақ, 2025 жылдың 30 қыркүйекте Ұлдана Мырзуан реабилитолог-дәрігер Әділет Зейнелге тұрмысқа шыққан. Екеуі 8 жыл көңіл жарастырып жүрген еді.

8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, астында бірнеше тұрғын қалып қойған. Көмекке жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде фельдшер Ұлдана Мырзуан жеткен. Құтқару жұмысы барысында ғимараттан кондиционер қондырғысы құлап, Ұлдана мен тағы бір фельдшердің басына тиді. Жалпы оқиға салдарынан 5 адам жарақат алды.

Ұлдана 10 күн бойы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер оны құтқарып қалу үшін бар күшін салғанмен, 18 қараша күні 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Сол күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Астанадағы медициналық колледждің дәрісханаларының біріне Ұлдана Мырзуанның есімін беру туралы шешім қабылданды.

2026 жылдың ақпанында Әділет Зейнел әлі де марқұм жарын жоқтап, әлеуметтік желіде жаңа жазба жариялады: түсінде онымен кездескенін сипаттады.