Кассациялық сот жұмысына бір жыл толды: жаңа жүйе сот төрелігін қаншалықты өзгертті

Судья Гүлнәр Жапарованың айтуынша, алғашқы нәтижелердің өзі бұл өзгерістің уақытылы қабылданған шешім болғанын көрсетеді

Кассациялық сот жұмысына бір жыл толды: жаңа жүйе сот төрелігін қаншалықты өзгертті
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда дербес кассациялық соттардың жұмыс істей бастағанына бір жылға жуықтады. Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерді қарайтын үш дербес кассациялық сот өз жұмысын бастады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл өзгеріс көпшілік үшін сот жүйесіндегі кезекті реформалардың бірі болып көрінуі мүмкін. Алайда құқық саласының мамандары оның маңызы әлдеқайда терең екенін айтады. Өйткені кассациялық саты – заңның дұрыс қолданылғанын тексеретін соңғы инстанция. Сондықтан бұл буындағы өзгеріс тек соттардың жұмысына ғана емес, азаматтардың құқықтарын қорғау тетігіне де тікелей әсер етеді. Бір жылға жуық уақыт ішінде жаңа жүйе қандай нәтиже көрсетті?

Қазақстанның сот жүйесі соңғы жылдары біртіндеп институционалдық өзгерістерден өтіп келеді. Соның ішінде дербес кассациялық соттардың құрылуы сот төрелігін жетілдіруге бағытталған ең ірі реформалардың бірі саналады. Бұған дейін кассациялық істер Жоғарғы Соттың құрамында қаралса, енді олар азаматтық, қылмыстық және әкімшілік бағыттар бойынша мамандандырылған жеке соттардың құзыретіне берілді. Мұндай қадам ең алдымен кассациялық сатының жұмысын жүйелеуге, құқық қолдану тәжірибесін біріздендіруге және азаматтардың сотқа қолжетімділігін кеңейтуге бағытталды.

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың судьясы Гүлнәр Жапарованың айтуынша, алғашқы нәтижелердің өзі бұл өзгерістің уақытылы қабылданған шешім болғанын көрсетеді.

«Дербес кассациялық соттардың құрылуы сот жүйесін жетілдіруге, кассациялық сатының қызметін мамандандыруға және сот төрелігінің сапасын арттыруға бағытталған маңызды реформа болды. Өткен кезең ішінде сот тәжірибесін біріздендіруге, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылуын қамтамасыз етуге басымдық берілді. Сонымен қатар азаматтардың кассациялық тәртіпте сот актілерін қайта қарауға қол жеткізу мүмкіндігі кеңейді. Мұның бәрі сот жүйесіне деген сенімді нығайтуға ықпал етеді», – дейді судья.

Кез келген реформаның тиімділігі оның қандай проблеманы шешкенімен өлшенеді. Дербес кассациялық соттарды құрудың да негізгі себебі – бұрынғы жүйеде азаматтардың бәрі бірдей кассациялық сатыға жете алмауы еді.

Бұрын кассациялық шағым бірнеше сүзгіден өтетін. Соның ішінде алдын ала іріктеу тетігі қолданылып, көптеген шағым іс мәні бойынша қаралмай-ақ кері қайтарылатын. Соның салдарынан кейбір азаматтар бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешіміне құқықтық тұрғыдан толық баға алуға мүмкіндік таппайтын.

Қазіргі жүйеде бұл тәсіл өзгерді. Енді заң талаптарына сәйкес қабылданған барлық кассациялық шағым үш судьядан тұратын алқалы құрамда қаралады. Басқаша айтқанда, азаматтың ісі бір судьяның алдын ала қорытындысымен шектелмей, бірнеше судьяның қатысуымен талқыланады.

«Қазіргі таңда жаппай кассациялық қарау тетігі жұмыс істейді. Сотқа келіп түскен және заң талаптарына сәйкес қабылданған барлық кассациялық шағымдар үш судьядан тұратын алқалы құрамда қаралады. Бұл сот өндірісінің ашықтығын арттырып қана қоймай, азаматтардың кассациялық қарауға қолжетімділігін кеңейтуге және олардың құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге мүмкіндік берді», – дейді Гүлнар Жапарова.

Бұл өзгерістің алғашқы нәтижесі статистикадан да байқалады. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа 5 835 кассациялық шағым түскен. Оның 2 069-ы қайтарылған. Бұл – барлық шағымның шамамен 35 пайызы. Бұрын бұл көрсеткіш 38 пайыз болған. Яғни рәсім талаптарына сай келетін шағымдардың үлесі біртіндеп артып келеді. Дегенмен қайтарылған шағымдардың әлі де көп болуы азаматтардың кассациялық өндірістің ерекшеліктерін толық меңгере қоймағанын көрсетеді.

Кассациялық сот істі қайта қарай ма?

Қоғамда кассациялық сотқа қатысты қате түсініктердің бірі – бұл сатыда істі қайтадан басынан қарап, жаңа дәлелдер ұсынуға болады деген пікір. Алайда кассациялық өндірістің табиғаты мүлде басқа.

Бұл сот нақты даудың кімнің пайдасына шешілуі керектігін қайта анықтамайды. Оның міндеті – бірінші және апелляциялық сатыларда заң дұрыс қолданылды ма, соттар процестік талаптарды сақтады ма, соны тексеру. Сондықтан кассациялық саты жаңа куәларды тыңдамайды және жаңа дәлелдемелерді қабылдамайды.

«Кассациялық сот істі мәні бойынша қайта қарайтын инстанция емес. Ол төменгі сатыдағы соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданғанын тексереді. Егер заң дұрыс қолданылмаса немесе іс нәтижесіне әсер еткен елеулі процестік бұзушылықтарға жол берілсе, мұндай сот актілері қайта қаралуы мүмкін. Ал кассациялық сатыда жаңа дәлелдемелер қабылданбайды. Сот бірінші сатыда ұсынылған дәлелдердің заң талаптарына сәйкес бағаланған-бағаланбағанын ғана тексереді», – дейді судья.

Сондықтан кассациялық шағымның мазмұны да өзгеше болуы тиіс. Егер апелляциялық шағымда істің мән-жайына қатысты уәждер басым болса, кассациялық шағымда нақты қай құқық нормасының бұзылғаны немесе заңның қай тұста дұрыс қолданылмағаны дәлелденуі қажет.

Кассациялық сотқа көбіне қандай даулар түседі?

Кассациялық сатыға келіп түсетін істердің құрылымы қоғамдағы ең жиі кездесетін құқықтық даулардың қандай екенін де көрсетеді. Өйткені азаматтар соңғы сот сатысына тек құқықтық тұрғыдан маңызды деп есептеген мәселелер бойынша ғана жүгінеді.

Бүгінде кассациялық сотқа негізінен азаматтық-құқықтық даулар түседі. Оның ішінде шарттық міндеттемелер, меншік құқығы, тұрғын үй, жер, мұрагерлік, еңбек қатынастары және отбасы мәселелеріне қатысты істер басым. Бұл даулардың әрқайсысы азаматтардың күнделікті өмірімен тікелей байланысты болғандықтан, қабылданған шешімдердің заңға сай болуы ғана емес, сот тәжірибесінің ел бойынша біркелкі қалыптасуы да маңызды.

Шағымдардың мазмұнына қарағанда, азаматтар көбіне соттардың заңды дұрыс қолданбағанына немесе істі қарау кезінде процестік талаптардың бұзылғанына күмән келтіреді. Сондықтан кассациялық сот нақты бір дауды шешумен қатар, осындай құқықтық мәселелер бойынша бірыңғай ұстаным қалыптастыру міндетін де атқарады.

Әрбір бесінші іс бойынша шешім өзгерген

Көпшілік арасында «кассациялық сотқа жеткен істің бәрі қайта қаралып, шешім өзгереді» деген пікір қалыптасқан. Алайда ресми статистика бұл түсініктің шындыққа жанаса бермейтінін көрсетеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот 3 010 істі қарап шыққан. Соның ішінде 402 сот актісінің күші жойылып, 174 іс бойынша шешім өзгертілген. Яғни қаралған істердің шамамен 19 пайызы ғана өзгеріске ұшыраған. Бұл көрсеткіштің өзі кассациялық соттың негізгі міндеті төменгі сатыдағы соттардың шешімдерін жаппай өзгерту емес, заңның дұрыс әрі біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету екенін аңғартады. Егер сот шешімі заң талаптарына сай қабылданса, оның күшінде қалуы – қалыпты жағдай.

Осыған байланысты судья Гүлнар Жапарова сот жұмысының тиімділігін өзгертілген шешімдердің санымен ғана өлшеуге болмайтынын айтады.

«Кассациялық соттың басты мақсаты – мүмкіндігінше көп сот актілерінің күшін жою немесе оларды өзгерту емес. Ең бастысы – заңның барлық соттарда бірдей әрі дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету. Сондықтан өзгертілген немесе күші жойылған шешімдердің саны сот төрелігінің сапасын бағалайтын жалғыз көрсеткіш емес. Керісінше, кассациялық сот қалыптастырған құқықтық ұстанымдар төменгі сатыдағы соттарға бағыт-бағдар беріп, ұқсас істердің біркелкі қаралуына ықпал етеді», – дейді ол.

Сарапшылардың пікірінше, дәл осы құқықтық ұстанымдар кейінгі сот тәжірибесінің негізіне айналады. Сондықтан кассациялық соттың әрбір қаулысы тек нақты бір іске ғана емес, болашақта қаралатын мыңдаған ұқсас дауға әсер етуі мүмкін.

Азаматтар қандай қателіктер жібереді?

Кассациялық сотқа келіп түскен шағымдардың едәуір бөлігінің қайтарылуы азаматтардың құқықтық сауатына қатысты мәселені де алға шығарып отыр. Статистикаға сүйенсек, биылғы алғашқы жартыжылдықта түскен шағымдардың 35 пайызы түрлі рәсімдік талаптардың сақталмауына байланысты қабылданбаған. Мұндай жағдайлардың басым бөлігінде азаматтар істің мәніне қатысты дәлелдерді дұрыс келтіргенімен, шағымды рәсімдеу кезінде заң талаптарын ескермейді. Соның салдарынан сот шағымның мазмұнын емес, ең алдымен оның заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалайды.

Мәселен, кассациялық шағымды өкіл беретін болса, сенімхатта дәл осы сатыда шағымдану құқығы арнайы көрсетілуге тиіс. Әйтпесе, өкілдің мұндай әрекет жасауға өкілеттігі жоқ деп есептеліп, шағым қайтарылады. Сол сияқты мемлекеттік бажды төлеу тәртібіне байланысты қателіктер де жиі кездеседі. Егер бажды басқа адам төлесе, төлем құжатында оның нақты кімнің атынан төленгені көрсетілуі қажет. Бұл талап сақталмаған жағдайда да шағым қабылданбайды. Бұдан бөлек, азаматтар шағым беру мерзімін өткізіп алып, оны қалпына келтіру туралы өтініш қоса бермейтін жағдайлар да кездеседі. Ал заң бойынша мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептері болса, оны қалпына келтіруге мүмкіндік қарастырылған. Судьяның айтуынша, мұндай рәсімдік талаптардың сақталмауы азаматтардың құқықтық ұстанымының әлсіздігінен емес, көбіне кассациялық өндірістің ерекшеліктерін толық білмеуінен туындайды.

«Кассациялық шағым нақты құқықтық дәлелдерге негізделуі керек. Азаматтар көбіне сенімхаттың мазмұнына, мемлекеттік бажды төлеу тәртібіне немесе шағым беру мерзіміне қатысты талаптарды ескермей жатады. Мұндай жағдайда сот істің мәніне көшпей тұрып-ақ шағымды қайтаруға мәжбүр болады. Сондықтан кассациялық сотқа жүгінер алдында заңда белгіленген рәсімдерді мұқият қарап шыққан жөн», – дейді Гүлнар Жаппарова.

2027 жылдан бастап қандай өзгерістер болады?

Кассациялық өндірісті жетілдіру жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2027 жылдан бастап азаматтардың кассациялық сотқа жүгіну мүмкіндігі тағы да кеңейеді. Қазіргі кезде талап қою сомасына байланысты, оңайлатылған тәртіппен қаралған немесе бітімгершілік келісімімен аяқталған кейбір азаматтық істерге кассациялық тәртіппен шағымдануға шектеу қойылған. Ал келесі жылдан бастап мұндай істер бойынша да кассациялық шағым беруге мүмкіндік жасалады. Бұл шағымдар да бұрынғыдай үш судьядан тұратын алқалы құрамда қаралады. Аталған өзгеріс азаматтардың сот арқылы қорғану құқығын кеңейтуге бағытталған кезекті қадам ретінде бағаланып отыр.

Реформа өзінің тиімділігін көрсете алды ма?

Әрине, бір жыл – кез келген құқықтық реформаның түпкілікті нәтижесін шығаратын ұзақ мерзім емес. Соған қарамастан, алғашқы тәжірибе дербес кассациялық соттардың формальды құрылымдық өзгеріс қана емес, азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін жетілдіруге бағытталған нақты институтқа айналып келе жатқанын көрсетеді.

Бір жағынан, кассациялық сатыға қолжетімділік кеңейді, барлық заң талаптарына сай берілген шағымдарды алқалы құрамда қарау тәжірибесі қалыптасты. Екінші жағынан, қалыптасып келе жатқан құқықтық ұстанымдар төменгі сатыдағы соттардың жұмысын біріздендіруге ықпал етіп отыр. Сонымен бірге бұл статистика азаматтардың құқықтық сауатын арттыру қажеттігін де айқын көрсетті. Өйткені сотқа жүгіну мүмкіндігін кеңейту бір мәселе болса, сол мүмкіндікті заң талаптарына сай пайдалана білу – одан кем емес маңызды міндет.