Қазақстандық доула Айман Қабылбекқызымен сұхбат
Бүгінгі таңда жас аналар перзентханаға дейін де, босану сәті мен одан кейін де өзіне қолғабыс етіп, алғашқы апталарда тамағын пісіріп, жылы қабақ танытып, психологиялық қолдау білдіретін доула қызметіне жүгінеді. Қазақстанда соңғы жылдары сұранысқа ие болып жүрген бұл қызметтің міндеті қандай, онымен кімдер айналысады?
Azattyq Rýhy тілшісі аталған сұрақтарға жауап алу үшін бүгінгі таңда 100-ге жуық анаға доула болған Айман Қабылбекқызымен сұхбаттасты.
- Айман ханым, доула деген кім, оның қызметі қандай?
- Доула дегеніміз — грек тілінен аударғанда «қызмет көрсетуші» дегенді білдіреді. Доула – жүкті әйелдің жанында болып, босану кезінде физикалық жағынан, көңіл күйі тұрғысынан демеу беріп, жағдайын жасаушы. Доуламен алдын ала танысу қажет. Бір көргеннен жылы тартып көңіліңізге ұнаса, ол сіздің доулаңыз. Ары қарай 1-2 рет кездесіп немесе телефон арқылы ойыңызда жүрген сұрақтардың бәріне 24 сағат жауабын алып отырасыз. Доула жүкті анаға алдын ала туу физиологиясын таныстырып, жалған толғақ пен шынайы толғақты қалай айыру керек, толғақ басталса қай кезде ауруханаға бару керек екенін түсіндіріп береді. Босану кезіңізде өз қалауыңызбен алдын ала үйіңізге шақырсаңыз да болады. Мұндай сәтте ол жаныңызда болып, көңіліңізді аулап, ауырсыну кезінде массаж жасап, толғақ уақытында тыныстауды еске түсіріп, сізге ыңғайлы позаларды көрсетіп береді. Сусын ішкізіп, екі сағат сайын кіші дәретке бару керек екенін айтады. Сондай-ақ, доула ана мен акушерка арасында дәнекер бола алады. Жалпы айтқанда, қолдаушы, қорғаушы, бақылаушы. Доула қызметі сырт көзге жеңіл, әрі қызық болып көрінгенімен, оның атқарар міндеті орасан зор.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДОУЛА ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ
- Қазақстанда бұл қызмет түрі қай кезден бастап қолданылып жүр?
- Доула қызметі біздің елде соңғы 4 жыл көлемінде қолданысқа кіріп жатыр. Ал Еуропада бұл қызметке қыз-келіншектер бұрыннан жүгінеді. Кей мемлекет жүкті келіншектің жанына доула кіргені үшін қаржысын өздері төлеп береді.
- Доула қызметкерін кімдер, қалай дайындайды?
- Доула мамандарын дайындайтын Доула қауымдастық қоғамы бар. Онда сертификаттары бар, Украина, Бельгиядан білімдерін жетілдіріп келген Олеся Тишкова мен Олеся Ливаренко деген азаматшалар курс оқытып, дайындайды. Оқу аяғында әрбір қатысушыдан емтихан алып, оларға сертификат береді. Бұл мамандыққа молынан ақша табу үшін келмей емес, әйел жанын түсініп қуанышын бөлісе білетін жан болу маңызды.
- Доулаға босану кезінде қандай әрекет жасауға болмайды?
- Өте орынды сұрақ қойдыңыз. Доула медицина маманы емес. Әдептілік сақтай білуі шарт. Дәрігер мен акушерканың жұмысына араласпай, салғыласпай отыруы тиіс, ол босанып жатқан әйел үшін шешім қабылдай алмайды. Доула – дәрігер мен ана арасындағы көпір.
- Доула босанып жатқан әйелге қай кезде келеді?
- Бұл екеуара шешілетін мәселе. Кей аналар үйіне ертерек кеп жанында болғанын қалайды, кей аналар белсенді фазаға дейін телефонмен хабарда болып, тек перзентхана есігінде кездеседі. Біз аналарды сол жерде күтіп тұрамыз.
- Босанғаннан кейін доула қызметі қажет пе?
- Әрине, сұраныс бар. Қаладағы көпшілік жастарда бұрындағыдай үйде көмек қолын созатын адам болмай жатады. Кейбіреуінде жанашыр адам болмауы мүмкін. Біз жас ана босанған алғашқы аптада тамағын пісіріп, кеудесіндегі сүті қалпына келгенше қолғабыс етеміз.
ДОУЛАНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ҚҰНЫ 70-100 МЫҢ ТЕҢГЕНІ ҚҰРАЙДЫ
- Клиенттермен арнайы келісім шартқа отырасыз ба? Егер шарт жасасатын болсаңыз, қай кезден бастап келісімге отырасыз?
- Әрине, барлығы заңды түрде болу үшін екі экземпляр құжат толтырып, екіжақты қол қоямыз. Келісім болса, алдын-ала төлем тастайды. 34-35 аптадан бастап психо-эмоционалды, ақпараттық жұмыстар бастаймыз.
- Сіздің қызметіңіздің құны қанша?
- Нақты бір бағаны ұстанып, қатып қалған қағида жоқ. Ең алдымен, әйелдің нешінші жүктілікте екеніне қараймын. Бірінші босанатындар үшін уақыт көп кетеді. Ең бастысы, адам құндылығы маңызды.Кейбір аналар жағдайын айтып жатса, бағасын түсіріп, адамгершілік танытамын. Жалпы, Алматыда доулалардың қызметі – 70 мың мен 100 мың теңгенің арасын құрайды.
- Өзіңіз қашаннан бері доула қызметін атқарып жүрсіз?
- Доула деген ұғымның бізге кіргеніне үш-төрт жыл өтті. Серіктестікке кіріп, аналарға қолдау көрсетіп жүргеніме 13 жылдай болды. Өзімнің бұрынғы жұмыс істеген мамандығым акушер-перинаталды психолог болғаннан кейін, бұл қызмет жаныма өте жақын.
КІМДЕР ДОУЛА БОЛА АЛАДЫ?
- Осы уақытқа дейін неше әйелді қолдауға септігіңіз тиді?
- Акушерлік босандыруымды есептемегенде, 100-дей анаға серіктес болдым.
- Кез келген адам доула қызметін атқара ала ма?
- Бұл жерде медициналық білім сұрамайды. Әрине, бар болса артық етпейді. Әйел анатомиясы мен физиологиясын білу плюс саналады. Ең бастысы, өзі босанған, әйел жанын түсіне білуі керек.
- Осы қызмет барысында қандай қызықты да қиын жағдайдар бастан өткіздіңіз?
- Өмірге сәби әкелу ең бақытты да жауапты уақыт. Көп нәрсе әйелдің көңіл күйіне байланысты. Жүктілік кезеңі, толғату сәтінде әйел өте құбылмалы болады. Көп оқиғаны қызық сәттер деп қазір айтып, еске аламыз ғой. Ол кезде күлуге шама жоқ болатын (күліп). Бірде толғатып жатқан жас ана допқа отыра алмай, ашуланғаннан аурухана терезесін ашып, допты далаға лақтырып жіберген. Тағы бір ана «Палатадан шыға тұрыңызшы, баланың басы шыққанда шақырамын» деп шығарып жіберген.
- Жүкті келіншектерге қандай кеңес айтасыз?
- Өмірге сәби әкелетін аналарға жүктіліктеріңізді саналы түрде жоспарлаңыздар дер едім. Әр бала мен ана, отбасы бақытты болуға құқылы. «Дені сау анадан дені сау сәби туады» дегенді естен шығармаса болды. Болашақтың бастауы ана құрсағынан басталады.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан