«Nur Otan» партиясы Ақтөбеде сусыз қалған тұрғындардың мәселесін бақылауына алды

Партияның араласуынан кейін тамыз айында қосымша 2 ұңғыма пайдалануға беріледі

«Nur Otan» партиясы Ақтөбеде сусыз қалған тұрғындардың мәселесін бақылауына алды
Фото: sputniknews.kz

40 градус ыстықта Ақтөбедегі «Бауырластар» тұрғын үй кешенінің тұрғындары сусыз қалды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар мамыр айында сумен жабдықтаудағы іркілістер және құбырлардағы төмен қысым туралы әкімдікке шағым түсірген, бірақ мәселе әлі шешімін таппаған.

Өз кезегінде бұл сұрақ «Nur Otan» партиясының бақылауына алынды. Партиялық бақылау комиссиясы және филиал төрағасы, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров жергілікті халықпен кездесті.

Тұрғын үй алабының қарқынды салынуына және халық санының өсуіне байланысты ауыз су шығыны екі есе артқаны және қолда бар төрт ұңғыманың қуаты жетпейтіні анықталды.

Партияның араласуынан кейін тамыз айының екінші жартысында тағы екі ұңғыма пайдалануға беріледі. Бұл ретте Партиялық бақылау комиссиясы уақытша шара ретінде тұрғындарды күнделікті ауыз сумен қамтамасыз етуді ұйымдастыруды ұсынды.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін әкімдік 2021 жылы құрылысы жоспарланған 200 нысан үшін сумен жабдықтау желісінің жобасын әзірлеуі тиіс. Бұл мәселе Ақтөбе облыстық филиалының партиялық бақылауында болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.