Жыл басынан бері азық-түлік бағасын қымбаттату бойынша 13 тергеу жүргізілген

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері кәсіпкерлерге 290 рет ескерту жасаған

Фото: sputniknews.kz

ҚР ҰЭМ бәсекені дамыту және қорғау комитеті 2020 жылдың басынан бері азық-түлік бағасын жөнсіз қымбаттату бойына 13 іс тіркеген. Бұл жайында комитет төрағасы Асқар Жаппарқұлов мәлім етті.

«Оның ішінде нан, қарақұмық, күнбағыс майы бойынша төрт тергеу ісі жыл басынан бері жалғасып жатыр. Сәуірде қант, күнбағыс майы, күріш, ұн және көкөністер бойынша 9 тергеу басталды. 5 іс бойынша астыртын келісіммен бағаны қымбаттату әрекеті анықталып, айыппұл салынды. «Павлодар нан комбинаты» ЖШС өз басымдығын асыра пайдалану белгісімен 1,8 млн теңге, Алматыда «Прима Дистрибьюшн» ЖШС осы баппен 3,5 теңге айыппұл арқалады», - деді бұл туралы А. Жаппарқұлов.

Жалпы, монополияға қарсы орган осы жылы кәсіпкерлерге 290 рет ескерту жасаған. Ескертудің көбі көкөніс және нан өнімдері бағасын қымбаттату бойынша түскен.

«18 кәсіпкер ескертуден нәтиже шығармады. Нәтиже шығарғандарға тоқталсақ, «Көкше-Нан» ЖШС, «Көкшетауский хлебозавод» ЖШС, «Крамбл» ЖШС нан бағасын 95-тен 80-78 теңгеге арзандатты. Батыс Қазақстанда «Киреев» ЖШС картоп құнын 80 теңгеде ұстап тұрды. «Алтындар» ЖШС 124-тен 88 теңгеге түсірді», - деп түсіндірді комитеті төрағасы.

Органның мониторингіне сәйкес, елдегі азық-түлік бағасының қымбаттауына негізінен, арадағы делдалдардың көптігі, егінді уақытылы жинамау, жеткізу жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауы, сақтау талаптарының орындалмауы әсер етіп отыр. Сондықтан бағаны төмендетуге нарық жағдайында да мемлекеттің араласуына тура келеді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан