Азық-түлік бағасы қымбаттаған қалалардың көшін Нұр-Сұлтан мен Павлодар бастап тұр
Жыл басынан бері айтарлықтай қымбаттаған тауарлар - картоп, пияз, сәбіз және қарақұмық жармасы
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құны жыл басымен салыстырғанда 5,6%-ға қымбаттаған. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы айтты. Дегенмен, бұл көрсеткіш кей жылдармен салыстырғанда төмен.
«Мәселен, 2016 жылы азық-түлік 9,1%- ға, 2019 жылы 7,7%-ға қымбат болды. Ал соңғы айда бағаның тұрақталып келе жатқаны байқалды. Мамырда қымбатшылық 0,1% болса, маусымда еш қымбаттаған жоқ. Шілде айының соңғы үш аптасында қайтадан 0,1%-ға қымбаттады. Өткен аптада азық-түлік 0,3%-ға арзандап қалды», - деді ол бүгінгі брифингте.
Әлеуметтік азық-түлік бағасының қымбаттауы әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Павлодар қаласында байқалған. Нақтырақ айтқанда, Павлодарда 11,9%-ға, Елордада 11,8%-ға қымбаттаған. Алматы, Петропавл және Ақтауда бағаның шарықтауы аса байқалмады.
«Жыл басынан бері айтарлықтай қымбаттаған тауарлар - картоп, содан кейін пияз (20%) және сәбіз(31%), қарақұмық жармасы (19%). Ал орамжапырақ, күріш, жұмыртқа, тауық еті мен тұз арзандады»,- деді вице-министр.
Сауда министрлі төтенше жағдай кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаны белгілеген. Вице-министр нарықтық экономикада тауар құнының сұраныс пен ұсынысқа тәуелді болуы «мемлекеттің ықпалды тетігі жоқ дегенді білдірмейтінін» айтады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан