Ассамблеяның орнына – Халық кеңесі: жаңа Конституция қоғам мен билік арасындағы байланысты қалай өзгертеді
Жаңа Конституцияға сәйкес Халық кеңесі Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және республикалық референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы
Қазақстанда бүгіннен бастап жаңа Конституция қолданысқа енді. Ата заң мемлекеттік басқару жүйесіне бірқатар жаңа институт енгізіп, бұрынғы саяси модельдің жекелеген тетіктерін қайта қарады. Соның ішіндегі ең маңызды өзгерістердің бірі – Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бұл өзгеріс тек жаңа органның пайда болуымен шектелмейді. Конституциялық заңның күшіне енуімен бірге 2008 жылдан бері қолданылып келген «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңның күші жойылды. Оның орнына қоғамдық диалогтың жаңа моделі ретінде Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастайды.
Бір қарағанда бұл жай ғана атаудың өзгеруі сияқты көрінуі мүмкін. Алайда жаңа Конституция мен конституциялық заңның мазмұнына назар аударсақ, мәселе әлдеқайда терең екені байқалады. Егер бұрынғы модельдің негізгі міндеті қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтау болса, Қазақстан Халық Кеңесінің құзыреті әлдеқайда кеңейтілген. Ол енді мемлекеттік саясатты қалыптастыру процесіне қатысатын жоғары конституциялық консультативтік институт ретінде белгіленді.
Конституциялық заңда Қазақстан Халық Кеңесінің басты мақсаты – мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыру кезінде халықтың мүддесін білдіру екені нақты жазылған. Бұл міндет жалпыұлттық диалогты ұйымдастыру, қоғамдық келісімді нығайту және ұлттық құндылықтарды ілгерілету арқылы орындалады.
Бұл жерде назар аударатын маңызды жайт бар. Заң Қазақстан Халық Кеңесін мемлекеттік биліктің жаңа тармағы ретінде қарастырмайды. Ол Үкіметтің де, Құрылтайдың да өкілеттігін қайталамайды. Соған қарамастан жаңа институтқа бұрын қоғамдық ұйымдарда болмаған бірнеше маңызды құқық беріледі. Соның ішінде заң шығару бастамасы мен республикалық референдум өткізуге бастама көтеру құқығы ерекше назар аудартады. Дәл осы өкілеттіктер Қазақстан Халық Кеңесін бұрынғы консультативтік құрылымдардан ерекшелендіреді.
Жаңа Конституцияның логикасына қарасақ, мемлекет қоғамдық пікірді тыңдаумен ғана шектелмей, оны мемлекеттік шешім қабылдау процесіне жақындатуды көздейді. Бұған дейін азаматтық қоғамның ұсыныстары көбіне қоғамдық тыңдаулар немесе кеңесші органдар арқылы жеткізілетін. Енді бұл механизм конституциялық деңгейде бекітіліп, нақты құқықтық рәсімдермен толықтырылған.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Халық Кеңесін бұрынғы Ассамблеяның жаңартылған атауы деп қабылдау жеткіліксіз. Оның мәртебесі де, міндеті де, өкілеттігі де өзгерген. Егер Ассамблея негізінен қоғамдық келісім мен этносаралық қатынастарға басымдық берген болса, Халық кеңесі мемлекеттік саясаттың кең ауқымды мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейтін және оларды заң шығару процесіне енгізе алатын институт ретінде қалыптасып отыр.
Дегенмен жаңа органның саяси жүйедегі нақты орны оның Конституцияда көрсетілген мәртебесімен ғана анықталмайды. Негізгі сұрақ енді басқа: Қазақстан Халық Кеңесіне берілген жаңа өкілеттіктер іс жүзінде қалай жұмыс істейді және олар мемлекеттік шешімдердің сапасына қаншалықты ықпал ете алады?
Заң шығару бастамасы: Халық кеңесінің ең маңызды өкілеттігі
Қазақстан Халық Кеңесінің мәртебесін өзгертетін басты жаңалық – оның заң шығару процесіне қатысу мүмкіндігі. Жаңа Конституцияға сәйкес Халық кеңесі Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және республикалық референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы. Бұл бұрын қоғамдық-консультативтік институттарға берілмеген өкілеттік.
Дегенмен бұл құқықты заң қабылдау құқығымен шатастыруға болмайды. Қазақстан Халық Кеңесі заң шығармайды және Құрылтайдың өкілеттігін алмастырмайды. Оның рөлі – қоғамда көтеріліп отырған мәселелерді заң жобасына айналдырып, оларды заң шығарушы органның қарауына ұсыну. Яғни қоғамдық бастама мен мемлекеттік шешімнің арасындағы байланысты қамтамасыз ету.
Конституциялық заңда бұл механизм де егжей-тегжейлі жазылған. Заң жобасын әзірлеуді Кеңес мүшелерінің кемінде үштен бірі немесе Төралқа бастамашы бола алады. Ал оны Құрылтайға енгізу туралы шешімді Сессия мүшелерінің кемінде үштен екісі қолдауы қажет. Басқаша айтқанда, кез келген бастама бірнеше сүзгіден өтіп, кең қолдау тапқан жағдайда ғана заң шығару процесіне жолданады.
Осындай тәртіп республикалық референдум өткізуге бастама көтеру кезінде де қолданылады. Бірақ бұл жерде талап одан да қатаң. Бастаманы алдымен Кеңес мүшелерінің кемінде үштен екісі қолдауы тиіс, ал түпкілікті шешім қабылдау үшін Сессия мүшелерінің төрттен үшінің дауысы қажет. Мұндай талаптар референдум бастамасының кең қоғамдық қолдауға ие болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң Қазақстан Халық Кеңесінің ұсыныстарының тағдырына да ерекше назар аударады. Сессия қабылдаған ұсынымдар мен ұсыныстар мемлекеттік органдарға жолданады және олар міндетті түрде қаралуға тиіс. Сонымен қатар қабылданған шешімдер мен ұсынымдар қоғамға жария етіледі. Бұл норма жаңа институт қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құқықтық тетік ретінде көрінеді.
Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі тек заң шығару бастамасымен шектелмейді. Ол мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық ұйымдармен өзара байланыс жасайды, қоғамдық тыңдаулар мен консультациялар ұйымдастырады, сараптамалық пікірлер жинақтайды, сондай-ақ заңнамаға қайшы келмейтін нысандарда қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Бұдан бөлек, Кеңеске Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру міндеті де жүктелген.
Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесі тек кеңес беретін алаң ғана емес, қоғамдық пікірді мемлекеттік саясатпен байланыстыратын институционалдық тетік ретінде қарастырылып отыр. Алайда жаңа институттың тиімділігі оның өкілеттіктерінің ауқымымен ғана емес, сол өкілеттіктердің нақты қалай жүзеге асатынымен өлшенеді. Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысына баға беру үшін ең алдымен оның алғашқы бастамаларына, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылына және қоғамның сеніміне назар аудару қажет болады.
Жаңа институттың тиімділігі қандай?
Қазақстан Халық Кеңесіне берілген өкілеттіктер оның бұрынғы қоғамдық-консультативтік құрылымдардан өзгеше екенін көрсеткенімен, кез келген жаңа институттың тиімділігі ең алдымен оның қалай жұмыс істейтініне байланысты болады. Конституциялық заңда оның қызметінің негізгі қағидаттары ретінде тәуелсіздік, заңдылық, ашықтық, консенсус, алқалылық, инклюзивтілік және кемсітушілікке жол бермеу белгіленген. Бұл қағидаттар Кеңестің қоғамдағы әртүрлі көзқарасты біріктіретін ашық диалог алаңы болуы тиіс екенін аңғартады.
Сонымен бірге заңда Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын қалыптастыру тәртібіне ерекше мән берілген. Кеңес этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдерінен тең үлеспен жасақталады. Мұндай тәсіл бір ғана әлеуметтік немесе саяси топтың емес, қоғамның түрлі бөлігінің мүддесін ескеруге бағытталған.
Өңірлік деңгейдегі жұмыс тетігі де назар аударуға тұрарлық. Конституциялық заңға сәйкес Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі өңірлерде қоғамдық кеңестер арқылы жүзеге асырылады. Олар халық пен Кеңес арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, жергілікті жердегі өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар енгізеді. Бұл қоғамдық пікірдің тек республикалық деңгейде ғана емес, өңірлерде де жүйелі түрде жинақталуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар заң азаматтық қоғаммен тұрақты өзара іс-қимыл тетіктерін де қарастырған. Қазақстан Халық Кеңесі қоғамдық бірлестіктерді, сарапшыларды, ғылыми қауымдастықты, кәсіптік одақтарды және жекелеген азаматтарды қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауға, қоғамдық сараптама жүргізуге және талдамалық материалдар әзірлеуге тарта алады. Бұл жаңа институттың қызметі тек өз мүшелерімен ғана шектелмейтінін көрсетеді.
Соған қарамастан, жаңа институттың алдында бірқатар практикалық міндеттер тұр. Оның заң шығару бастамалары қаншалықты жиі пайдаланылатыны, қоғамдық талқылаулардың нақты мемлекеттік шешімдерге әсері қандай болатыны және мемлекеттік органдардың ұсынымдарға қалай жауап беретіні Қазақстан Халық Кеңесінің шынайы ықпалын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі болады.
Жалпы алғанда, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы жаңа Конституциядағы ең маңызды институционалдық реформалардың қатарына жатады. Егер бұрын қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік саясатқа ықпалы негізінен кеңес беру деңгейінде қалып келсе, енді Конституция бұл байланысты құқықтық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріп отыр. Қазақстан Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы мен референдум өткізуге бастама жасау құқығының берілуі азаматтық қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысуының жаңа кезеңін бастауға бағытталғанын аңғартады.
Алайда кез келген конституциялық институттың табысы оның атауымен немесе өкілеттіктерімен емес, нақты нәтижесімен өлшенеді. Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесінің саяси жүйедегі орны да уақыт өте қалыптасатын тәжірибеге байланысты айқындалмақ. Егер жаңа институт қоғамдағы өзекті мәселелерді мемлекеттік саясат деңгейіне тиімді шығара алса және оның бастамалары нақты шешімдерге негіз болса, онда Конституцияда көзделген мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік туады. Ал оның жұмысы формалды сипатпен шектелсе, жаңа құқықтық тетіктердің әлеуеті толық ашылмай қалуы ықтимал. Сондықтан бүгіннен бастап Қазақстан үшін маңыздысы – Халық кеңесінің құрылуы ғана емес, оның қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты жаңа сапалық деңгейге көтере алуы.