Бұл жүйеде жарнама мен мәжбүрлі қызметтер жоқ
Қазақстанның 13 өңіріндегі мектептер отандық тегін BilimClass электрондық журналына көшсе, Астана қаласының білім ордаларында бұл жүйе пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Бүгінде жүйе еліміз бойынша 2,5 миллион оқушы мен 350 мыңға жуық педагог қолданатын ең ірі білім беру платформаларының бірі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy электронды журналдың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
BilimClass платформасының 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша жүргізген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, қолданушылар деректер қауіпсіздігін, бірыңғай цифрлық ортада жұмыс істеудің ыңғайлылығы мен жарнаманың болмауын жоғары бағалайды. Астана, Алматы қалалары мен Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының мұғалімдері мен ата-аналары арасында сауалнама алынған.
BilimClass платформасының басты мақсаттарының бірі — мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, бірізді процестерді автоматтандыру. Платформада педагогтер тек ыңғайлы электрондық журналға ғана емес, сонымен қатар білім беру контентіне, терең сараптама мен пайдалы құралдарға қол жеткізе алады. Мысалы, сауалнамаға қатысқан Астана мұғалімдерінің 76%-ы және Батыс Қазақстан облысы педагогтерінің 79%-ы BilimClass-қа көшкелі жұмыс сапасы едәуір жақсарғанын атап өткен. Жазбаша пікірде мұғалімдер есеп берудің, сабақ кестесін қадағалаудың және БЖБ мен ТЖБ нәтижелерін талдаудың әлдеқайда оңай бола түскеніне тоқталған.
Сауалнамаға қатысушылар BilimClass-тың басты артықшылықтарының бірі ретінде жүйеде отандық білім беру жүйесінің ерекшеліктері ескерілгенін және оны қазақстандық IT мамандардың жасап шыққанын атаған. Электрондық журналдың серверлері Қазақстанда орналасқан, ал платформадағы ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау деңгейі Мемлекеттік техникалық қызметтің сертификатымен расталған. Павлодар облысындағы ата-аналардың 63%-ы мен мұғалімдердің 50%-ы отандық әзірлеме болғандықтан BilimClass-қа ең жоғары баға берген. Бұл пікірге алматылық мұғалімдердің 52%-ы мен ата-аналардың 62%-ы да қосылған.
Оқу процесін ұйымдастыру көптеген ресурсты қажет етеді. Сондықтан бұрын мектептер бір-бірімен байланыспайтын әртүрлі сервистерді қолдануға мәжбүр болатын. Бұл жиі түсініспеушілік тудырып, деректердің қате енуіне ықпал ететін, сонымен қатар мұғалімдерге артық әкімшілік жұмысты жүктейтін. Қолданушылардың пайымдауынша, BilimClass жүйесінің ең басты артықшылығы — білім беру процесіне қатысушы барлық тараптың бір жүйеде жұмыс істеуі.
Мектептер мен мұғалімдер платформадан жұмысқа қажетті барлық құралды алса, ата-аналар баланың үлгерімі туралы ақпаратқа жылдам қол жеткізеді. Мәселен, Павлодар облысында жүргізілгентсауалнама нәтижесі көрсеткендей, ата-аналардың 67%-ы жүйенің арқасында баланың күнделікті бағасын, үй тапсырмасы мен сабақ үлгерімін қадағалау әлдеқайда нәтижелі әрі ыңғайлы бола түскенін жеткізген.
Сауалнамаға қатысқан барлық өңірде қолданушылар жарнама мен мәжбүрлі ақылы қызметтердің болмауын жоғары бағалаған. Бұл артық кедергісіз, тек оқу процесіне ғана назар аударуға жағдай жасайды дейді олар. Осы критерий бойынша Астанадағы мұғалімдердің 98%-ы мен ата-аналардың 87%-ы BilimClass-қа ең жоғары баға берсе, алматылық мұғалімдердің 81%-ы, ал ата-аналардың 76%-ы осы пікірге қосылған.
Айта кетері, платформа білім беру процесінің барлық қатысушысы үшін толықтай тегін. Оның үстіне, BilimClass-пен бірге қолданушылар ТМД бойынша ең ірі цифрлық білім беру контент қоры — BilimLand-ке, ҰБТ-ға дайындалуға арналған iTest платформасына және бастауыш сыныптарға арналған видеосабақтар жинақталған iMektep жүйесі сияқты пайдалы өнімдерге қол жеткізе алады.