Екібастұз бен Риддерден басталған реформа: қазақстандықтар қыстан қорықпайтын күн туа ма

Екібастұз бен Риддерде болған апаттардан кейін Астананың жылу жүйесін қатысты мәселелер көтерілген

Екібастұз бен Риддерден басталған реформа: қазақстандықтар қыстан қорықпайтын күн туа ма
Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Екібастұз бен Риддер қалаларының жылу электр орталығында болған ірі апаттан кейін Қазақстандағы жылу жүйесінің жай-күйі қоғам назарындағы өзекті мәселелердің біріне айналды. 2022 жылдың соңында болған төтенше жағдайлар елдегі көптеген жылу орталықтарының тозу деңгейі жоғары екенін және коммуналдық инфрақұрылымда қордаланған мәселелер бар екенін көрсетті. Содан бері өңірлердегі жылу электр орталықтары мен жылу желілерінің жағдайына ерекше көңіл бөлініп, жаңғырту жұмысы қолға алынды. Дегенмен сарапшылар елдегі жылу инфрақұрылымының едәуір бөлігі кеңестік кезеңде салынғанын және ауқымды жаңарту қажеттілігі әлі де өзекті болып отырғанын айтады. Осы орайда Астанадағы жылу жүйесінің қазіргі жағдайы, қуат көздерінің мүмкіндігі мен алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі де ерекше маңызға ие. Осыған байланысты Azattyq Rýhy тілшісі Астанадағы жылу жүйесінің қазіргі жағдайын, инфрақұрылымның тозу деңгейін және алдағы жылыту маусымына дайындық барысын саралап көрді.

Екібастұз бен Риддердегі апат елдегі жылу орталықтарының жағдайын көрсетті

Екібастұз бен Риддер қалаларындағы жылу электр орталықтарының жөндеу жұмысына тиісті көңіл бөлінбеуі ақыры үлкен апатқа алып келген еді. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жылусыз қалып, төтенше жағдай режимі енгізілген еді. Осыдан кейін елдің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек ағылды. Қала тұрғындарын қолдау мақсатында Астанадан да бірнеше көмек керуені аттанды. Елордадан арнайы мамандар, коммуналдық техника мен қажетті құрал-жабдықтар жіберіліп, апат салдарын жою жұмысына қолдау көрсетілді.

Осы оқиғалар елдегі коммуналдық инфрақұрылымның тозу мәселесін айқын көрсетіп, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Сол жылы энергетика саласының маманы Жақып Хайрушев Қазақстанның жылумен, сумен жабдықтау, сол сияқты су бұру желілерінің тозуының орташа көрсеткіші 53 пайызға жеткенін айтқан еді. Ал салаға жауапты ведомство – Энергетика министрлігі кейбір аймақтардағы жылу электр орталықтарының тозу көрсеткіші тіпті 90 пайыздан асатынын айтып, елді алаң күйге қалдырған еді. Жақып Хайрушев өз сөзінде Қазақстанның жылу қауіпсіздігін қалпына келтіру үшін жалпылай алғанда 1 триллион теңгеден астам қаражат қажет екенін айтса, Энергетика министрлігі жыл сайынғы инвестиция көлемі 500 млрд теңгеге жетуі мүмкін екенін мәлімдеген.


Фото: Gov.kz

2024 жылы өткен Үкімет отырыстарының бірінде Өнеркәсіп және құрылыс экс-министрі Қазақстанның 12 қаласында жылу желілері әбден тозғанын мәлімдеген еді.

«Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сүйенсек, жылу желілерінің жалпы ұзындығы – шамамен 13 мың километр. Олардың орташа тозу деңгейі – 53 пайыз, шамамен 7 мың шақырым жылу желісін ауыстыру қажет. Жылу желілерінің жоғары тозу деңгейі Павлодар (Екібастұз – 91 пайыз, Павлодар – 83 пайыз), Ақмола (Степногорск – 82 пайыз, Атбасар – 76,5 пайыз), Солтүстік Қазақстан (Петропавл – 74 пайыз), Қостанай (Арқалық – 68 пайыз, Рудный – 68 пайыз), Маңғыстау (Ақтау – 71 пайыз) және Қарағанды (Теміртау – 67 пайыз) облыстарында», – деген еді.

Ведомствоның мәліметінде тозу көрсеткіші 2024 жылы да 53 пайыз күйінде қалып отырғанын аңғаруға болады. Яғни арада екі жылға жуық уақыт өтсе де жағдай өзгермеген бе деген ой еріксіз келеді.

Ал 2025 жылдың соңында Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев палата отырыстарының бірінде адам шошырлық статистиканы жариялаған еді. Оның айтуынша, Қазақстандағы жылу жүйелерінің жағдайы күрделенбесе, жақсарған емес. Депутаттың мәліметінше, Шу қаласындағы жылу желілерінің тозуы 70%-ға жеткен. Ал Оралдағы ЖЭО жабдықтарының тозуы – 86%, Қарағандыда – 81%, Павлодарда – 79%, Арқалықта – 70% деңгейінде.

Өңірлерде болған апаттар

Azattyq Rýhy агенттігінің сайтына кіріп, күздің қара суығы мен қыстың қақаған аязында жылусыз қалған қалаларға қатысты ақпараттарға көз жүгіртіп едік, соңғы бір-екі жылдың өзінде бірқатар аймақта апат болғанын еске алуға болады.

Мәселен, өткен қыстың өзінде Қарағанды облысына қарасты Теміртау мен Саран қалаларының, Ақмола облысында Щучинск қаласының, Павлодар қаласының, Өскемен қаласының жекелеген аудандарында, тіпті толықтай да жылусыз қалғанын байқауға болады.

2022 жылғы Екібастұз бен Риддерден кейінгі жылу желісіндегі ірі апат 2024 жылдың күзінде Саран қаласында болған еді. Жылу беру маусымы енді басталған қазан айының алғашқы үш аптасында 40 мыңнан аса тұрғыны бар шаһар жылусыз қалған еді.

Осының бәрі жылу жүйелерінің ұзақ жылдар бойы тиісті деңгейде күтім көрмегенін көрсетеді. Көптеген нысандарда уақытылы жөндеу жұмысы жүргізілмей, тозу деңгейі арта түскен. Кейбір учаскелерде ескірген жабдықтар дер кезінде жаңартылмаған. Соның салдарынан жүйенің сенімділігі төмендеп, ақаулар жиілеуі байқалады. Бұл жағдай инфрақұрылымды жаңғырту мен тұрақты техникалық қызмет көрсетудің маңызын айқын көрсетіп отыр.

Қазақстанның жылу желілеріне жөндеу жүргізіліп жатыр ма?

Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы саны 37 жылу электр орталығы бар. Оның 16-сы мемлекет меншігінде болса, қалған 21-і жекеменшіктің қолында.

Өткен жылыту маусымының басында Қазақстан өңірлеріндегі 19 жылу электр орталығы «қызыл» аймақта, 11 жылу электр орталығы «сары» аймақта, ал тағы 7-еуі «жасыл» аймақта екені белгілі болды.

Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитеті мақаламыздың басында айтылған Екібастұз бен Риддер қалаларындағы жылу орталықтары қауіпті «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа ауыстырылғанын мәлім етті. Ведомство дерегіне сүйенсек, «сары» аймаққа тағы Өскемен, Жезқазған, Балқаш, Рудный, Шахтинск, «Qarmet» АҚ-ның ЖЭО-2-сі және Кентау ЖЭО-сы өткен көрінеді.

Ал бүгінге дейін «сары» аймақта тұрған Атырау, Текелі жылу электр орталықтары және «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС-ның ЖЭО-3-і қазіргі уақытта «жасыл» аймаққа ауыстырылды.

«Биыл жылу электр орталықтары жабдықтарының орташа тозу деңгейі 61,39 пайыз болып тіркелді. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы 64,55 пайызбен және 2023 жылғы 65,16 пайызбен салыстырғанда төмен, яғни саладағы техникалық жағдайдың біртіндеп жақсарып келе жатқанын аңғартады. Бұған өңірлерде жүргізілген ауқымды жаңғырту және жөндеу жұмысы ықпал еткен. Жылыту маусымына дайындық аясында 4 энергетикалық блок, 31 қазандық және 20 турбина жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде 5 энергетикалық блоктағы, 22 қазандықтағы және 12 турбинадағы жұмыстар толық аяқталды. Мәселен, Петропавлдағы ЖЭО-2 нысанында жаңа түтін мұржасы пайдалануға беріліп, негізгі қазандық және турбиналық жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізілді.

Екібастұз бен Риддерде болған жылу дағдарыстарының сабақтарын ұмытпау қажет. Бұл оқиғалар коммуналдық инфрақұрылымды уақтылы жаңғыртуға және жөндеуге жеткілікті қаражат бөлінбесе, оның салдары қаншалықты ауыр болуы мүмкін екенін көрсетті. Осыған байланысты «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған шаралар мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен инфрақұрылымды дамыту бастамалары ерекше маңызға ие. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, бұл жұмыстар тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін ғана емес, елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, қауіпсіздігін нығайтуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық міндеттердің бірі болып саналады.», – деп жазады Табиғи монополияларды реттеу комитеті.

Астананың жылу жүйесі қысқа қаншалықты дайын?

Екібастұз бен Риддерде болған апаттардан кейін елдегі жылу инфрақұрылымының жай-күйі қоғам назарындағы өзекті мәселеге айналды. Әсіресе, халық саны жыл сайын артып келе жатқан бас қала – Астананың жылу жүйесінің сенімділігіне қатысты сұрақтар жиі қойыла бастады. Қыстың қақаған аязы ұзаққа созылатын елорда үшін жылумен тұрақты қамтамасыз ету стратегиялық маңызға ие. Сондықтан соңғы жылдары қаладағы жылу электр орталықтарын жаңғыртуға, жаңа қуат көздерін іске қосуға және тозған желілерді кезең-кезеңімен ауыстыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар тек бүгінгі қажеттілікті өтеуге емес, алдағы жылдардағы қала өсіміне сай энергия тапшылығының алдын алуға бағытталған. Осы орайда Астанадағы жылу электр орталықтарында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына және елорданың жылыту маусымына дайындығына тоқталып көрелік.

«Астана – Теплотранзит» басшысы Қайрат Бегімов елорданың 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша компания қарамағындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 1047 шақырымға жеткен. Оның 285,4 шақырымы магистральдық желілер болса, 761,6 шақырымы таратушы желілерге тиесілі.

Компания басшысының айтуынша, 2024 жылы жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 53,8 пайызды құраған. Сонымен қатар инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында инвестициялық бағдарлама аясында 19 нысан бойынша жобалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде жылу энергиясын тасымалдау кезіндегі шығын көлемі 12,8 пайыз деңгейінде қалып отыр.

Астананың жылу жүйесіндегі үлкен проблемалардың бірі ЖЭО-3-тің құрылысы еді. Бас қаланың әсіресе, құрылысы қарқынды жүріп жатқан сол жақ жағалау бөлігін дәл осы үшінші жылу электр орталығы қамтамасыз етуі тиіс. Құрылысы 2010 жылы басталып, 2016 жылы аяқталуы тиіс еді. Ал оған бас-аяғы 56 млрд теңге жұмсау жоспарланған еді. Алайда уақыт өте келе жоба бірнеше рет қайта қаралып, қаржыландыру мен жобалық шешімдерге байланысты құрылысы тым ұзаққа созылып кетті. Соның салдарынан ЖЭО-3 елордадағы ең ұзақ салынған инфрақұрылымдық нысандардың біріне айналды. «Толғауы тоқсан» ЖЭО-3 ақыры 2023 жылдың қысына қарсы ашылды. Жылу орталығының бірінші кезеңі іске қосылып, төрт қазандықтың жұмысын бастады.

«Премьер-министр Олжас Бектенов президент жүктеген энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа қуаттарды іске қосу жөніндегі тапсырмалары аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. ЖЭО-3-тің бірінші кезегін, сондай-ақ газбен жұмыс істейтін «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» жылу станцияларын пайдалануға беру нәтижесінде қаланың жылу қуаты 30%-ға ұлғайды. Аталған нысандар қалаға сағатына қосымша 1100 Гкал жылу қуатын береді.

Соңғы екі жылда Астана жылыту маусымын алғаш рет жылу профицитімен өткізіп жатыр. Бұл жаңа жылу көздерін іске қосу нәтижесінде мүмкін болды», – дейді Жеңіс Қасымбек.

Шаһар басшысы өз сөзінде өткен жылыту маусымы қалыпты режимде өткенін, сыртта ауа температурасы -20°С болған жағдайда жылу профициті шамамен 1500 Гкал/сағ құрағанын айрықша атап өтті.

«Қаланың қарқынды дамуына байланысты алдағы қажеттіліктерді ескере отырып, 710 МВт қуатты жаңа «Телман» газ жылу станциясының құрылысын жүргізіп жатырмыз. Оны 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде «Бағыстан» тұрғын үй кешені, Телман елді мекені және Ұлы Дала даңғылы аудандары орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Табиғи газдың пайдаланылуы экологиялық жағдайды жақсартып, Телман ауданындағы ауаның ластану деңгейін төмендетеді. Сол сияқты ЖЭО-2-ні кеңейту бойынша дайындық басталды және ЖЭО-3-тің екінші кезегін жобалау жұмысы жүріп жатыр. Осы жобалардың барлығын жүзеге асыру арқылы 2035 жылға дейін жоспарланған жылу энергиясының қоры қамтамасыз етіледі», – деп қала әкімі елорданың жылу қауіпсіздігі жайлы мәлімет берді.

Мақаламызды тәмамдап, жариялар сәтте шаһар басшысы Жеңіс Қасымбек Астананың келесі жылу беру маусымына дайындық қызу жүріп жатқаны туралы маңызды мәлімет берді. Ол қаладағы жылыту маусымының орта есеппен 7 айға созылатынын тілге тиек етіп, күзгі-қысқы кезеңнен қысылмай, аман-есен өту — шаһардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудегі ең негізгі міндет екенін қадап айтты. Осы мақсатта, алдағы қысқа дайындық жұмыстары сәуір айынан басталып кеткенін, қазіргі уақытта инженерлік инфрақұрылымды жөндеу және жаңғырту шаралары жаппай қолға алынғанын мәлімдеді.

«Дайындық аясында мынадай жұмыс орындалып жатыр: «Астана-Теплотранзит» АҚ желісі бойынша ұзындығы 7,5 км болатын жылу желілеріне күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жүргізіледі, «Астана-Энергия» АҚ бойынша 3 қазандыққа, турбинаға, трансформаторға, 2 су жылыту қазандығына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізіледі», – деп Жеңіс Қасымбек қыс мезгіліне қызу дайындық жүріп жатқанын мәлімдеді.

Қыстың қамын жаз ойла. Ел астанасы аймақтардағы көптеген қалалармен, елді мекендермен салыстырғанда жылу қуаты жағынан анағұрлым тұрақты саналғанымен, халық санының қарқынды өсуі жылу инфрақұрылымын үздіксіз кеңейтуді талап етеді.

Қорытындылай келе, Екібастұз бен Риддердегі жылу апаттары Қазақстан үшін жай ғана техникалық ақау емес, ондаған жыл бойы қордаланған инфрақұрылымдық әлсіздіктің айқын көрінісіне айналды. Бұл оқиғалардан кейін елдің жылу жүйесін жаңғырту мәселесі мемлекеттік деңгейдегі басымдыққа көтеріліп, ауқымды инвестициялар мен реформаларға жол ашты. Дегенмен, өңірлердегі желілердің тозуы, ескірген жабдықтардың үлесі және қайта-қайта тіркелетін технологиялық ақаулар бұл саланың әлі де күрделі күйде екенін көрсетеді. Осындай жағдайда елорда – Астана ерекше назарда тұр, себебі ол тек әкімшілік орталық емес, жылу жүктемесі жыл сайын артып келе жатқан ең қарқынды дамушы қала. Соңғы жылдары ЖЭО-3-тің іске қосылуы, жаңа газ жылу станцияларының салынуы және желілердің жаңартылуы арқылы Астананың жылу қуаты айтарлықтай күшейді. Қала алғаш рет жылу профицитіне қол жеткізіп, қысқы маусымдарды салыстырмалы түрде тұрақты өткере бастады. Дегенмен бұл күн санап өсіп келе жатқан бас қаланың сұранысына жауап берудің алғашқы кезеңі десек, қателеспеген болар едік. Өйткені халық саны мен құрылыс қарқыны жоғарылаған сайын, жылу жүйесіне түсетін салмақ та арта беретіні анық. Сондықтан алдағы уақытта жаңа қуат көздерін іске қосу, желілерді толық жаңғырту және ұзақ мерзімді жоспарларды нақты орындау Астананың жылу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші фактор болып қала береді.