«Бурабайға» келгендер оның қорғалған парк екенін түсінбейді: табиғи мекен әкімшілігі дабыл қақты

Мұнда от жағып, қоқыс тастап, ағаш сындырып кететіндер көбейген 

«Бурабайға» келгендер оның қорғалған парк екенін түсінбейді: табиғи мекен әкімшілігі дабыл қақты
Фото: depositphotos

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркіне «шектеусіз демалыс аумағы» ретінде қарауды доғаратын уақыт жетті. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, Орталық Азияның інжу-маржанына айналған мекен бүгінде жаһандық антропогендік қысымға ұшырап отыр. 2026 жылдың жазғы туристік маусымының басталуымен ұлттық парк әкімшілігі, полиция, Төтенше жағдайлар министрлігі және жергілікті әкімдік өкілдері бірлесіп, табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылауды шұғыл түрде күшейтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бурабайға жылына қанша адам келуі керек?

Ұлттық парк қазір туристер санының экологиялық сыйымдылық деңгейінен асып кету мәселесіне тап болып отыр. Бурабайдың сұлу келбеті сақталып, көлдері ластанбауы үшін мұнда жылына ең көп дегенде 890 мың адам келуі керек. Бірақ өткен жылы демалушылар саны тым көбейіп, 1,5 миллион адамға жетті, салдарынан парктің табиғаты зардап шеккен. 2026 жылы келушілер саны одан да асып, 1,7 миллионнан көп болады деп болжанып отыр. Антропогендік деградацияның критикалық шегіне жету қаупі бар. Жергілікті биліктің хабарлауынша,, биыл келушілер саны тағы бірнеше жүз мыңға артса, табиғатқа түсетін салмақты екі есеге жуық ұлғайтпақ.

Экологиялық деградацияға ұшыраған мекеннің қалпына келуіне ондаған жыл керек

Мамандардың пікірінше, егер қазіргі қарқын тоқтамаса, Бурабай өзінің бірегей ландшафтынан айырылуы мүмкін. Миллиондаған демалушылардың белгіленген соқпақтардан тыс, орман алқаптарында бақылаусыз жүруі топырақтың жоғарғы құнарлы қабатын тығыздап, оның эрозияға ұшыратады. Топырақ мүжілгендіктен, ғасырлық қарағайлар мен қайыңдардың тамыры ашылып, ағаштардың құрғауы мен құлауы жиілеген. Туристер рұқсатсыз шатырлар құрып, айналаны шулатқан соң, бұталы өсімдіктер жаншылып, жануарлар мен құстар табиғи мекенін тастап кетіп жатыр. Жағалау аймақтары мен Үлкен және Кіші Шабақты, Боровое және басқа да көлдер ластанып, табиғи экологиялық тепе-теңдік бұзылған. Қалдықтар мен химиялық ластану су флорасы мен фаунасына кері әсерін тигізіп отыр.

Көптеген турист демалу мәдениетін білмейді

Парк әкімшілігінің хабарлауынша, өкінішке орай, Бурабайға келген демалушылардың арасында табиғатты аялай білмейтіндер жетерлік. Көпшілігі паркті арнайы қорғалатын аймақ емес, бәріне рұқсат етілген қарапайым демалыс орны сияқты көреді. Соның салдарынан жыл сайын заң бұзып, табиғатты бүлдіретіндер саны арта түседі.

«2026 жылғы 11 маусымдағы жағдай бойынша, Ұлттық парк аумағында 85 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (ӘҚБтК) бойынша, 380-1-бап (Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау режимін бұзу) – 61 хаттама толтырылды. Бұған рұқсат етілмеген жерде от жағу, ағаш кесу және қоқыс тастау сияқты өрескел әрекеттертер жатады. Сонымен қатар, 380-баппен (Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлерінде болу тәртібін бұзу)  19 хаттама толтырылған.  Бұл-арнайы рұқсатсыз немесе тыйым салынған аймақтарға кіру фактілері болып саналады. Бұған қоса, жер заңнамасын бұзу, ағаш-бұталарды сындырып кету, өз міндетін атқарып жүрген мемлекеттік инспекторлардың заңды қызметіне кедергі жасау сияқты агрессивті фактілер де тіркелген», - дейді «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері.

Жазаны қатаңдату мен ведомствоаралық бақылау нәтиже бере ме?

Жағдайдың ушығуына байланысты мемлекет тарапынан бақылау шаралары күшейтілді. Бұл ретте айыппұл салумен шектелмей, кешенді жауапкершілік тетіктері іске қосылуда. Инспекторлар, полиция және ТЖМ өкілдерінен құралған мобильді топтар орман ішін және жағалауды тұрақты түрде патрульдейді. Заңнамаға сәйкес, құқық бұзушылар тек әкімшілік айыппұл төлеп қана қоймайды, сонымен қатар табиғатқа келтірілген шығынды өз қалтасынан өтеуге міндетті. Ал ең өрескел бұзушылар аумақты қоқыстан тазарту сияқты қоғамдық жұмыстарға тартылады.

Бурабай ұлттық паркі әкімшілігінің тұрғындар мен демалушыларды тәртіпсіздікке бейжай қарамауға шақырады. Кез келген заңсыздықты көрген бойда жақын маңдағы кордондарға немесе инспекторларға дереу хабарлауды сұрады.

Болашақта Бурабай аумағына кіретін туристер санын цифрлық форматта шектеу, квоталау жүйесін енгізу және инфрақұрылымды эко-туризм талаптарына сай толық қайта құру мәселесін үкімет деңгейінде қарастыру қажет.