Жамбыл облысында дәрігерлер жүкті әйелдің токсикозына мән бермеген – келіншек баласынан айырылып, мүгедек болып қалды
Аурухана әйелге 5 млн теңге моральдық зиян өтеген
Жамбыл облысы Талас ауданының соты баласы түсіп, артынан өзі мүгедек болып қалған әйелдің пайдасына үкім шығарды. Аурухана келіншекке моральды зиян ретінде 5 млн теңге берген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жамбыл соттарының мәліметінше, арызданып отырған келіншек жүктіліктің 10-шы аптасында аудандық ауруханасына жатып, «ерте токсикоз» диагнозымен ем алған. Ауыр жағдайына қарамастан, оған толық көлемде және клиникалық хаттамаларға сәйкес медициналық көмек көрсетілмеген.
«Аурухана әйелдің ауыр жағдайына қарамастан, оны ерте шығарып жіберген. Үйіне келгеннен кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем оны шұғыл түрде облыстық ауруханаға жатқызған. Дәрігерлер медициналық көрсеткіштерге байланысты жүктілігін тоқтатқан, салдарынан әйел III топтағы мүгедек болып қалған», - деп хабарлайды Жамбыл соттары.
Ауруханадан шыққаннан кейін әйел медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне, артынан сотқа арыз жазып, аурухана дәрігерлерінің қателігін дәлелдеген.
«Медицина қызметкерлері бірнеше заңсыздыққа жол бергені анықталды. Олар клиникалық хаттамаларды сақтамаған, тиісті деңгейде тексермеген, әйелді бейінді мамандардың консультациясына жібермеген. Тексеру қорытындысы бойынша аурухана әкімшілік жауапкершілікке, ал дәрігерлердің бірі тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, сот осы заңсыздықтар мен талап қоюшының денсаулығының нашарлауы арасында тікелей байланыс бар деген қорытындыға келді.
«Сот шешімімен жауапкерден азаматша Б.-ның пайдасына 246 мың теңге көлемінде материалдық залал, моральдық зиянның өтемақысы – 5 млн теңге, өкілдің қызметтерін төлеуге жұмсалған 300 мың теңге өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.