13.06.2026, 23:48
Қоғам

Астанада жазғы лагерьлердің бірінші маусымы аяқталды: 72 мың оқушы қалай демалды

Қала әкімдігі бұл тек лагерьдің бірінші маусымы дейді

Астанада жазғы лагерьлердің бірінші маусымы аяқталды: 72 мың оқушы қалай демалды

Астана қаласында оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған мектеп жанындағы және бейіндік лагерьлердің бірінші маусымы өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.

Әкімдік хабарлағандай, бірінші маусымда 72 567 оқушы түрлі бағыттағы танымдық бағдарламалармен қамтылып, қызықты әрі пайдалы демалыс өткізді.

«Оқушылар шығармашылық және спорттық іс-шараларға белсенді қатысты. Қаланың 32 мектебінде ұйымдастырылған «Атамекен» этно-лагерінде 7500 оқушы ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бағдарламаларға қатысты. Бұдан бөлек, елорданың 13 қосымша білім беру ұйымында қолөнер, шет тілдері және жүзу бағыттары бойынша қысқа мерзімді клубтар мен тақырыптық лагерьлер ұйымдастырылып, оларға 4000-нан астам бала қамтылды», - деп хабарлайды Астана әкімдігі.

Жалпы, жазғы демалыс кезеңінде Астана қаласы бойынша 1-10 сыныптар аралығындағы 242 мыңнан астам оқушыны түрлі демалыс, сауықтыру және дамыту бағдарламаларымен қамту жоспарланған.