Бүгін, 14:35
Қоғам

Көкшетауда жұмыс орнында темекі тартқан 68 жастағы зейнеткер сотталып кете жаздады

Бірақ,  ол темекі тұқылын жерге тастамағанын дәлелдеп, ақталып шықты

Көкшетауда жұмыс орнында темекі тартқан 68 жастағы зейнеткер сотталып кете жаздады
Фото: istockphoto.com

Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты 68 жастағы зейнеткерді ақтап шықты. Птемекі тұқылын жерге тастады деп күдіктенген ер адамның үстінен әкімшілік іс қозғаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

«Полиция қызметкері құрастырған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, 68 жастағы зейнеткер дүкеннің жанында темекі тұқылын тастап, қоғамдық орынды ластаған. Зейнеткер сот алдына келгенде, темекі тартқан кезде жұмыс орнында болғанын, яғни қосымша табыс табу мақсатында дүкеннің ішін сылап жүргенін айтқан.  Темекі шегіп болған соң, тұқылды цемент ерітінді құйылған ыдысқа тастағанын, жерге тастамағанын айтты», - деп хабарлайды Ақмола соттары.

Полиция зейнеткерге не 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу керегін немесе 40 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту керегін алға тартқан.

Сот бейнежазба арқылы зейнеткер расымен де темекі тұқылын жерге емес, цемент құйылған ыдысқа тастағанын көріп, полиция оның кінәсін дәлелдей алмады деген қорытындыға келді. Осылайша, сот зейнеткерді ақтап шықты. Оның үстінен қозғалған әкімшілік іс толық тоқтады.