Бүгін, 17:24
Қоғам

«Заңсыз ЖСН таратқан қызметкерлерді өзіміз анықтадық»: Азаматтарға арналған үкімет ҚМА-ның ақпаратына жауап берді

Дереккөзге сүйенсек, биылдың өзінде корпорация 23 заң бұзған қызметкердің ісін құқық қорғау органдарына тапсырған

«Заңсыз ЖСН таратқан қызметкерлерді өзіміз анықтадық»: Азаматтарға арналған үкімет ҚМА-ның ақпаратына жауап берді
Фото: gov4.kz

Бүгін, 12 маусым күні Қаржы мониторинг агенттігінің Астана қаласындағы филиалы Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері шетелдіктерге заңсыз ЖСН бергенін хабарлаған еді. «Азаматтарға арналған үкіметтің» баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты өз уәжін айтып, мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалпы, дереккөзге сүйенсек, олар заңсыз ЖСН таратқан қызметкерлері өздері анықтап, бұл туралы құқық қорғау органдарына да өздері хабар берген көрінеді.

«2025 жылы Мемлекеттік корпорация шетел азаматтарына ЖСН рәсімдеу барысында белгіленген тәртіптің сақталмауына байланысты жекелеген фактілерді өз күшімен анықтады. Аталған жағдай бойынша дереу қызметтік тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде заңбұзушылықтар расталды. Тексеру қорытындысы бойынша материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды», - деп хабарлайды корпорацияның баспасөз қызметі.

Сондықтан, баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, мемлекеттік корпорация мұндай жағдайларды болдырмауға бағытталған бірқатар жүйелі шараларды қолға алыпты.

«Атап айтқанда, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық жүйесі (ХҚКО ИАЖ) шетел азаматтарының мемлекеттік шекараны кесіп өткені туралы мәліметтерді, оның ішінде олардың сәйкестендіру деректерін алуға мүмкіндік беретін «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесімен интеграцияланды. Соның нәтижесінде шетел азаматының Қазақстан Республикасының аумағында екенін растайтын мәлімет болмаған жағдайда ЖСН рәсімдеуге мүмкіндік бермейтін автоматтандырылған бақылау тетігі енгізілді. Сонымен қатар «Бүркіт» ақпараттық жүйесінен келіп түскен өтініш берушінің дербес деректеріне ХҚКО қызметкерлерінің өзгеріс енгізу мүмкіндігі толықтай жойылды», - деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкіметтің» баспасөз қызметі.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Заңына сәйкес өтініш беруші міндетті түрде жеке келуін көздейтін қосымша бақылау механизмі еніпті.

«Мемлекеттік корпорация 2024 жылы өз бетінше анықтаған 90 материалды, 2025 жылы 91 материалды, ал 2026 жылдың алғашқы бес айында 23 материалды құқық қорғау органдарына жолдады», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.