Психолог баласын қатарынан бірнеше үйірмеге жазатын ата-аналар өз бала арманын орындағысы келетіндер, дейді
Қазір көп ата-ана баласының жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлетіні рас. Ол тіпті бір әлеуметтік тренд десек болады. Сондықтан перзентін бірден тіл курсына, спорт секциясына, би үйірмесіне қатарынан жазып жататындар бар. Және осы ұмтылысын баланың болашағына алаңдау, оның қабілетін ертерек ашу және бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеу ниетінен туған жанашырлық деп қабылдайды. Алайда психолог мамандар соңғы жылдары ата-аналардың баласын жан-жақты дамытамын деген «амбициясы» жеткіншек үшін шамадан тыс жүктемеге айналып барады деп дабыл қағып жатыр.
Психолог Гүлжан Ғұсманованың Azattyq Rýhy редакциясына берген сұхбатында айтқандай, қазіргі қоғамда баланы барынша дамытуға деген ұмтылыстың күшеюіне білім беру нарығының кеңеюі ерекше әсер етіп отырған көрінеді. Бүгінде балаларға арналған тегін не ақылы үйірмелер мен қосымша сабақтардың түрі өте көп. Соның салдарынан көптеген ата-ана «балам бір мүмкіндіктен құр қалып қоймасын» деген оймен оның бос уақытын толықтай түрлі үйірмелермен толтыруға тырысады.
Алайда маманның пікірінше, мәселе үйірменің көптігінде емес, баланың оған қаншалықты дайын екенінде екенін естен шығармау.
«Кей ата-ана баланың әр минуты пайдалы іске жұмсалуы керек деп ойлайды. Бірақ баланың дамуы тек сабақ пен үйірмеден тұрмайды ғой. Ол демалуы тиіс, еркін ойнап, достарымен араласып, тіпті ештеңе істемей бос жүруі керек. Өйткені дәл осындай сәттерде баланың қиялы, шығармашылығы және өздігінен шешім қабылдау қабілеті қалыптасады», – дейді психолог.
Гүлжан Ғұсманованың айтуынша, егер бала сабаққа да, үйірмеге де қызығушылықпен барса, ол жерде еш шаршамай жүрсе, бұл жүктеме оған сәйкес келеді дегенді білдіреді. Ал егер үйірмеге дейін не кейін шаршап, ұйқысы бұзылып, көңіл - күйі жиі өзгересе, бұл оның мүмкіндігіне сәйкес келмейтін жүктеме екенін білдіреді. Психолог мұны қарапайым мысалмен түсіндіреді.
«Баланы телефонның батареясына ұқсатуға болады. Күн сайын мектеп, спорт, үй тапсырмасы, үйірме, жаңа әсерлер мен адамдармен қарым-қатынас оның энергиясын алады. Алайда ол энергия қайта қалпына келіп отыруы керек. Ол бала дұрыс ұйықтауы тиіс, демалып, ойнап, тіпті өзіне керек уақытқа дейін бос отыруы қажет. Егер оның кеш батқанда ештеңеге зауқы соқпай, ешкіммен сөйлескісі не ойнағысы келмесе – демек оның «қуат қоры» таусылып жатыр деген сөз», – дейді маман.
Маман баланың қанша үйірмеге баруы керек деген сұраққа нақты санмен жауап беру мүмкін емес екенін айтады. Себебі әр баланың мүмкіндігі әртүрлі.
«Бір бала аптасына төрт-бес үйірмеге қатысып жүріп те өзін жақсы сезінуі мүмкін. Ал екінші бала бір ғана қосымша сабақтан кейін қатты шаршап қалуы ықтимал. Бұл көбіне жүйке жүйесінің ерекшелігіне, темпераментіне, денсаулық жағдайына және баланың жеке мінезіне байланысты», – дейді ол.
Сондықтан психолог ата-аналарға перзентін өзге балалармен салыстырудан бас тартуға кеңес береді.
«Көршінің баласы бес үйірмеге барып жүргені, өз балаңыздың да соған міндетті түрде үлгеруі керек деген сөз емес. Әр баланың қабылдау мүмкіндігі мен қарқыны әртүрлі болады. Ең бастысы – оның өзін қалай сезініп жүргеніне назар аудару керек», – дейді психолог.
Маман пікірінше, бала бойындағы артық жүктеменің алғашқы белгілерін дер кезінде байқау өте маңызды. Өйткені көп ата-ана баланың шаршауын жалқаулықпен немесе тәртіпсіздікпен шатастырып жатады.
Алайда шамадан тыс жүктеменің бірнеше негізгі белгісі бар. Оны баланың бойынан бірден байқауға болады, дейді Гүлжан Ғұсманова. Яғни жеткіншек жоғарыда жазып өткендей тез шаршай берсе, себепсіз ашуланып, жылап, тәбеті бұзылса, бұрын қызығып айналысқан ісіне құлқы болмай, жазып қойған үйірмеге барғысы келмейтінін көрсетсе – бұл жағдай баланың күн тәртібін қайта қарау керек дегенді білдіреді. Кейде қосымшаға не үйірмеге барғысы келмейтінін бала басының, ішінің ауруымен, басқа да психосоматикалық белгілерімен көрсетеді екен.
Сондықтан үйірме таңдағанда баланың қызығушылығын ескеру ерекше маңызды екенін айтады маман. Өйткені ата-ананың арманы мен баланың қалауы әрдайым бірдей бола бермейді.
«Кейде ата-аналар өздері бала кезінде айналыса алмаған саланы баласы арқылы жүзеге асырғысы келеді. Бірі кәсіби спортшы болуды армандаса, енді бірі музыкант немесе тіл маманы болуды қалайды. Бірақ бала мұндай таңдауға қызықпауы мүмкін. Өйткені өзі таңдамаған үйірме балаға тар киім секілді. Кигенмен, өзін жайсыз сезінеді. Ал қызығушылық бар жерде ынта да, нәтиже де болады. Сондықтан ата-аналар баласына әртүрлі бағыттарды көрсетіп, таңдау жасауға мүмкіндік бергені дұрыс», – дейді ол.
Яғни маманның айтуынша, жеткіншек бір іске қызығушылық танытып, оны әрі қарай ілгерілетіп алып кетуі үшін ол он істі көріп, одан қателесіп барып өз бағытын табады. Ал ата-ана оның бұл ісіне түсіністік танытып, мұның қалыпты жағдай екенін түсіне білуі керек екен.
Тағы бір ескеретіні, сарапшылар кейде ата-ана қосымша сабақтарды баласының қажеттілігі үшін емес, өздерін жақсы ата-ана ретінде көрсету не кінә сезімінен арылу үшін де таңдауы мүмкін екенін айтады.
«Егер ата-ана үйірмені сол «жақсы ата-ана болуым керек» деген ұстаныммен таңдаса, бала да сол қысымды сезеді. Ал қызығушылық пен табиғи дамуға негізделген ортада бала өзін әлдеқайда еркін сезінеді», – дейді маман.
Ой соңында психолог Гүлжан Ғұсманова баланың үйлесімді дамуы үшін тағы да бос уақыттың маңызын ерекше атап өтті.
«Даму тыныс алу сияқты. Үйрену, жаңа білім алу, үйірмелерге қатысу – тыныс алу болса, демалу, ойнау, жақындармен уақыт өткізу – тыныс шығару дер едім. Екеуінің де маңызы тең. Егер бала үнемі тек үйреніп, жетілуге ғана мәжбүр болса, оның психикасы біртіндеп шаршап қалуы ықтимал», – дейді маман.
Сондықтан сарапшылар ата-аналарға баланың күн тәртібін жоспарлағанда міндетті түрде бос уақыт қалдыруға кеңес береді. Бала әр минутын пайдалы іске жұмсауға міндетті емес. Кейде оған жай ғана кітап оқып, аулада ойнап немесе отбасы мүшелерімен уақыт өткізу – ресурсын қалпына келтірудің ең тиімді тәсілі болуы мүмкін.
«Одан бөлек, жақсы ата-ана болу баланы барлық мүмкін үйірмеге жаздыру дегенді білдірмейді. Керісінше, оның мүмкіндігін, қызығушылығын және эмоционалдық жағдайын ескере отырып шешім қабылдау әлдеқайда маңызды шешім екенін жеткізгім келеді», – дейді психолог Гүлжан Ғұсманова.
Яғни, кейде баланың сүйіп баратын жалғыз үйірмесі оған күшпен қатыстыратын бес түрлі сабақтан әлдеқайда көп пайда әкелуі ықтимал. Өйткені баланың табысты әрі бақытты болып өсуі үйірмелердің санымен емес, оның өзін қаншалықты жайлы және еркін сезінетінімен өлшенеді екен.