«Өзбектер Шорнақ ауылындағы учаскелік полицейге шабуыл жасады»: жалған ақпарат таратқандар анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Жалған ақпарат таратқан алты адам анықталды

Фото: ашық дереккөзден

Шорнақ елдімекеніндегі тұрмыстық жанжалды арандатушылар өз пайдасына жаратып, тәртіпсіздік ұйымдастыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жасап, арандатушылық белгілерін анықтауда. Осы уақытқа дейін елді дүрліктіруге бағытталған жалған ақпараттар таратқан алты адам анықталды. Арандатушылар құқықбұзушылыққа үндейтін негізсіз және ескі бейнетаспаларды таратып жатыр. Түркістан облыстық Полиция департаменті «Өзбек ұлтының өкілдері Шорнақ ауылындағы учаскелік полицейге шабуыл жасады» деген ақпараттың жалған екенін және шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдейді. Және осындай ақпарат таратушыларға заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», - делінген хабарламда.

Еске салсақ, Түркістан облысы Кентау қаласына жақын орналасқан Шорнақ ауылында тұрмыстық жанжал болған. Оқиға орнына дереу жеткен полиция учаскелік инспекторы заңбұзушылықтың жолын кескен. Бір топ адам қарсылық танытып, тәртіпке бағынбаса да, полиция қызметкері алған жарақатына қарамастан басбұзарлардың қару қолдануына және қол жұмсауына жол бермеген. Тас тиген учаскелік инспектор мен үш тұрғынға сол жерде медициналық көмек көрсетілді.

«Жедел іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысы бар төрт адам анықталып, ұсталды. Екі тараптан екі адам сот шешімімен қамауға алынды. Қазіргі кезде жанжалдың неден шыққаны, барлық мән-жай тексеріліп жатыр. Бұзақылық фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Жанжал болған күннің ертеңінде арандатушылар жақын маңдағы ауыл тұрғындарын шақырып, бұзақылық жасауға үндеген. Полиция қызметкерлері бұл заңсыз әрекеттердің жолын кесті. Ауыл тұрғындарымен жергілікті әкімшілік өкілдері және облыстың қоғам белсенділері кездесті. Содан соң барып ауылдағы жағдай бірқалыпқа түсті. Қазіргі таңда ауылдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері өз жұмысын күшейтті», - делінген хабарламда.