Қоғамның қысымынан қыз балалар спортты жиі тастап кетеді
Әлемде ірі спорттық іс-шаралар кезінде әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткіші артатыны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бразилия қоғамдық қауіпсіздік форумы мен Avon институты жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, елдің футбол командалары ойнайтын күндері әйелдерге сес көрсету жағдайлары 23,7%-ға, ал физикалық шабуылдар 20,8%-ға артады. Мұндай қауіпті үрдіс АҚШ, Англия және Шотландия елдерінде де тіркелген.
Спорт саласында қызмет ететін әйелдер де жиі кемсітушілік пен қысымға тап болады. Қазіргі уақытта көптеген спорттық ұйымдарда бұл мәселемен күресетін, шағым түсіруге және тәуелсіз тергеу жүргізуге мүмкіндік беретін тиімді механизмдер жоқ.
«БҰҰ-әйелдер» құрылымының дерегінше, зорлық-зомбылықпен күрес бағдарламаларын қаржыландырудың азаюы жағдайды қиындатып отыр. Осы бағытта жұмыс істейтін әрбір үшінші ұйым өз қызметін толықтай немесе ішінара тоқтатуға мәжбүр болған. Сонымен қатар, зерттеулер 14 жасқа дейінгі қыздардың спортты ұлдарға қарағанда екі есе жиі тастап кететінін көрсетті. Бұған кедейлік және гендерлік стереотиптер, қоғамның қысымы мен қауіпсіздік мәселелері, есею кезеңіндегі физиологиялық өзгерістер, үлгі тұтарлық әйел спортшылардың аздығы себеп болады.
Мамандар спортпен айналысу қыздардың білім алу мерзімін ұзартуға септігін тигізіп, ерте жүктіліктің алдын алатынын және болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтетінін айтады.
Мысалы, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы бастамашылық еткен «One Win Leads to Another» бағдарламасы Бразилия мен Аргентинадағы 3200-ден астам қызға спорт арқылы көшбасшылық қасиеттерін дамытуға көмектесті.
Спорттағы гендерлік теңдік бағытындағы ілгерілеушілік халықаралық аренада да байқалады. Мәселен, 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындары ерлер мен әйелдердің қатысу саны бойынша толықтай тең, 50/50, өткен алғашқы ойындар ретінде тарихқа енді. Ал 2027 жылы Бразилия әйелдер арасындағы футболдан әлем чемпионатын қабылдайды. Бұл турнир тарихта тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығында өтпек.