Бүгін, 17:33
Қоғам

«Екі жыл ішінде  167 мың баладан хат келген»: Тоқаев Зәкиеваны қабылдады

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл президентке өзі атқарған жұмыстардың нәтижесін айтып берген

«Екі жыл ішінде  167 мың баладан хат келген»: Тоқаев Зәкиеваны қабылдады
Фото: Ақорда

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағанлай, Зәкиева Қасым-Жомарт Тоқаевқа бала құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы мәлімет берген.

Соның ішінде, Динара Зәкиева «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданғанын хабарлап, тұжырымдама денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік салаларындағы бала құқықтарын қамтамасыз етеді деп мәлімдеген.

«Жағдайды жіті сараптау негізінде бес жылға арналған іс-қимыл жоспары әзірленді. Құжат әлеуметтік қолдауды және бала құқықтарын қорғауды күшейтетін 158 шараны қамтиды», - деп хабарлайды Ақорда.

Зәкиева сондай-ақ еліміздің аймақ-аймағында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаған. Мысалы, облыс әкімдіктерінің барлығы дерлік Балалар құқығын қорғау басқармаларын құрып, осы жұмысты аяқтаған. Олардың құзыреттері ұлттық заңнамада бекіп, ұйымдастыру рәсімдері жүріп жатыр. Динара Зәкиева сондай-ақ 111 мемлекеттік байланыс орталығына түсетін өтініштер бойынша жүргізілген жұмысқа тоқталған.

«Мектептерде QR-111 жүйесі енгеннен бері, яғни, 2024 жылдың қазан айынан 2026 жылдың маусым айына дейін балалардан 167 мың хабарлама мен 4 523 қоңырау келіп түскен», - деп мәлім еткен Зәкиева.

Ақорда хабарлағандай, Зәкиеваның баяндамасын тыңдаған президент «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын сапалы жүзеге асыру мақсатында Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің, Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерін жұмылдыру маңызды екенін атап өткен.