«Балаға жүзуді емес, үрейге берілмеуді үйрету керек»: мемлекет әр мектепке бассейн салып бере ала ма

Автор: Асқарова Қарлығаш

Суға шомылу маусымы ашылғаннан бері елімізде оншақты бала көз жұмды  

Фото: istockphoto.com

Биыл елімізде шомылу маусымы басталмай жатып-ақ балалардың суға кетіп, көз жұмғаны туралы қайғылы хабарлар тарай бастады. Өкінішке қарай, маусым ашылғаннан кейін де жағдай өзгермей, елдің әр өңірінен судағы оқыс оқиғалар жөніндегі ақпараттар жиілеп отыр. Бірі каналға құлап кетсе, енді бірі шомылуға тыйым салынған жерде көз жұмған. Мәселен, Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті ауылында 11 жастағы қыз суға батып кетті. Қостанай облысының Лисаковск қаласында жасөспірім көз жұмды. Оралда 9-сынып оқушысының денесі каналдан табылды. Түркістан облысының Келес ауданында бір үйдің екі баласы суға ағып кетсе, Астана маңындағы Қосшы қаласында 10 жасар бала мерт болды. Ал, күні кеше, 9 маусым күні БҚО-да бір мектептің үш түлегі қатарынан суға кетіп, бір ауыл аңырап қалды. 

Өкініштісі, мұндай оқиғалар жыл сайын қайталанады. Осындай қайғылы оқиға болған сайын балалардың қараусыз қалғаны, қауіпсіздік ережесін сақтамағаны немесе тыйым салынған жерде шомылғаны айтылады. Бірақ мамандардың пікірінше, мәселені тек ата-ананың жауапкершілігімен түсіндіру аздық етеді. Өйткені суға кеткен балалардың басым бөлігінде жүзудің базалық дағдылары жоқ. Демек, бұл ата-анамен қатар мемлекет те назар аударуы тиіс қауіпсіздік мәселесі, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жүзу тек спорт емес 

Мәселен, жүзуден жаттықтырушы Илья Владимировичтің айтуынша, балалардың көбі суда өзін қауіпсіз ұстауға қатысты ең қарапайым дағдыларды меңгермеген.

«Бала кәсіби спортшы болмауы мүмкін. Бірақ суда өзін еркін ұстап, дұрыс тыныс алуды, су бетінде қалқып тұруды, арқасымен жүзуді және төтенше жағдайда сабыр сақтауды білуі қажет. Кейде адамның өмірін жүзу техникасы емес, үрейге берілмей әрекет ете білу құтқарып жатады. Сондықтан балаларды ең алдымен қауіпсіздікке үйрету керек», – дейді маман.

Шынында да, біз көбіне жүзуді қосымша үйірме немесе спорт түрі ретінде қабылдаймыз. Ал дамыған елдердің тәжірибесі мүлде басқа көзқарасты көрсетеді. Онда жүзу футбол немесе гимнастика секілді таңдау емес, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өмірлік маңызды дағды ретінде қарастырылады.

Жарты жыл бұрынғы уәде қайда қалды

Өткен жылы Үкімет отырысында мектеп бағдарламасына жүзу сабағын енгізу жоспарланып отырғаны хабарланған еді. «Qazaq Aquatics» федерациясының бас хатшысы Дмитрий Баландиннің айтуынша, пилоттық жоба алдымен Астана мен Алматыда іске қосылып, кейін басқа өңірлерге кезең-кезеңімен таралуы тиіс болатын.

Алайда Астана қаласының Білім басқармасы редакция жолдаған сауалға берген жауабында елордадағы бірде-бір мемлекеттік мектептің өз бассейні жоқ екенін мәлімдеген болатын. Бұдан бөлек, инфрақұрылымның дайындығы бағаланбаған, жобаға қатысатын мектептердің тізімі анықталмаған, ал қаржыландыру қарастырылмаған.

Білім басқармасының мәліметінше, бассейні бар мектептер қатарында тек үш жекеменшік білім беру ұйымы бар. 

Тойхана көп, бассейн аз

Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе туындайды. Егер пилоттық жоба басталуы тиіс Астананың өзінде мемлекеттік мектептерде бассейн болмаса, онда еліміздің шалғай аудандары мен ауылдарында, дәретханасы әлі сырттағы мектептердің жағдайын елестету қиын емес.

Алысқа бармай-ақ, елорданың дәл іргесінде орналасқан Қоянды, Талапкер, Қараөткел секілді халық саны жыл сайын өсіп жатқан елді мекендердің өзінде балалардың барлығы бірдей жүйелі түрде жүзуді үйрене алмайды. Яғни, елорданың маңындағы жағдай осындай болса, облыс орталықтарынан жүздеген шақырым қашықтағы ауылдардың ахуалы қандай екені айтпасақ та түсінікті.

Есесіне, дәл сол  ауылдар мен шағын қалаларда жаңа мейрамханалар, тойханалар мен түрлі коммерциялық нысандар көбейді (редакция осы елді мекендерде неше тойхана бар екенін нақты білу үшін Ақмола облысының әкімдігіне ресми сауал жолдады - авт.). Бұл әрине кәсіпкерліктің дамып жатқанын көрсетеді. Бірақ  балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қажетті әлеуметтік инфрақұрылым дәл осындай қарқынмен дамымай отырғаны қай құндылық басымдыққа ие екенін көрсетеді. 

Әрине, кәсіпкер қай салаға инвестиция салатынын өзі шешеді. Бірақ балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді нарықтың еркіне ғана қалдыруға болмайды. Өйткені бассейн – тек спорт нысаны емес. Ол – баланы суда аман алып қалуы мүмкін дағдыны үйрететін қауіпсіздік инфрақұрылым. 

Әлем жүзуді өмірлік дағды деп қабылдайды

Шет мемлекеттердің тәжірибесіне қайта оралсақ. Мәселе, Нидерланды елінде жүзу балалардың қауіпсіздігімен тікелей байланысты дағды ретінде қарастырылады. Бұл елде балалардың бәрінде жүзуден сертификат болуы тиіс. Яғни, мемлекет бұл талапты жүйелеп қойған.  Көптеген ата-ана баласын түрлі спорт секцияларына бермес бұрын жүзуді үйретуге тырысады.

Мұндай тәжірибенің қалыптасуына елдегі географиялық ерекшеліктер де әсер еткен. Нидерланды аумағының едәуір бөлігін өзендер, каналдар мен су арналары алып жатыр. Сондықтан суда өзін қауіпсіз ұстай білу бұл елде күнделікті өмірмен тығыз байланысты машықтардың біріне айналған.

Мамандардың пікірінше, Қазақстанға өзге елдердің тәжірибесін толық қайталау міндет емес. Дегенмен балалардың судағы қауіпсіздігіне деген көзқарасты өзгерту қажеттігі байқалады. Өйткені біз балаларға жол ережесін де, өрт қауіпсіздігін де үйретеміз. Ал суда өзін ұстау дағдысы көбіне қосымша үйірме деңгейінде қалып келеді. Соның салдары жыл сайынғы қайғылы статистикадан көрініс тауып отыр.

«Кейбір балалар жағадан алысқа жүзіп кетеді, қауіпті ойындарға әуестенеді. Ал ата-аналар кейде баланы аз уақытқа болса да қараусыз қалдырудың соңы қандай жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескере бермейді. Көпшілік су таяз болса немесе айналада адамдар көп болса, қауіп жоқ деп ойлайды. Алайда суда бәрі санаулы секунд ішінде орын алуы мүмкін. Сондықтан балаларды қауіпсіздік ережелеріне ерте жастан үйрету, оларды үнемі бақылауда ұстау және жүзуді меңгерту – қайғылы жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы», – дейді жүзуден жаттықтырушы Илья Владимирович.