Бұл туралы сауда министрлігі мәлімдеді
Алматы облысында үш ірі делдал азық-түлікті арзан бағада сатып алып, келесі бір сауда нүктесінде оның құнына 86 пайызға дейін үстемақы қосып сатқан алып-сатқан. Бұдан басқа, Алматыдағы «Алтын Орда» базарында осындай схемада жұмыс істеген жеті делдалдың қызметі тоқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сауда министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұл заңсыздықтар азық-түлік қорын тұрақтандыруға қатысты тексеру кезінде анықталыпты.
«Алматы облысында ЖК «Омаров», «Iceberg Distribution» ЖШС және «Ар Диас» ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағада сатып алып, оларды басқа сауда субъектілеріне 17%-дан 86%-ға дейінгі негізсіз сауда үстемесімен қайта сатқан. Аталған фактілер бойынша жоспардан тыс тексеру өтіп, заңнама талаптарын бұзған субъектілерге айыппұл салынды», - деп хабарлайды сауда министрлігі.
Ал, бұдан басқа, Алматыдағы «Алтын Орда» базарында да тиімсіз делдалдар табылған.
«Алтын Орда» базарында 13 сауда иесі жоспардан тыс тексеруден өтті, олардың арасында азық-түлік бағасының өсуіне әсер еткен 7 тиімсіз делдалдың қызметі тоқтады», - деп хабарлайды сауда министрлігі.