«Адам әрекетіне жауап беруі тиіс»: блогер Глеб Пономарев көшеде дөрекі мінез көрсеткен ер адамды полицияға ұстатып жіберген
Бұл жағдай туралы ол өзінің әлеуметтік парақшасына жазған
Өзін «публицист әрі цирфлық көшпенді» ретінде таныстырып жүрген блогер Глеб Пономарев әлеуметтік желідегі парақшасында басынан өткен ыңғайсыз жайтты баяндап, фото және видеоматериал ұсынды. Оның жазуынша, кеш батқан сәтте Алматының қақ ортасында өзін күмәнді ұстаған ер адам қасына жақындап, дөрекі мінез көрсеткен. Кейін тіпті соңынан ере бастаған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Блогердің сөзінше, ол қауіпсіз жерге алыстағанымен, әлгі адамның басқа адамдарға да тиісіп жүргенін байқаған. Жасөспірім қыздарға тесіле қарап, өзгелерге тиісуін доғармаған. Глеб Пономарев қауіпсіздік үшін полиция шақыруға мәжбүр болдым дейді.
«Мен өз шаруаммен кеткім келген. Бірақ оның басқа адамдарға да тиісе бастағанын көрдім. Ол жерде жасөспірімдер көп жүрді. Олардың қауіпсіздігіне қорыққан соң, полиция шақырдым», – деп жазды блогер.
Пономаревтің айтуынша, полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел келген.
«Полиция өте тез жетті. Мен оқиға орнынан кетпей, болған жағдайды толық түсіндірдім. Әлгі жігіттің батылдығы сол сәтте-ақ жоғалып кетті», – дейді ол.
Блогердің жазуынша, ер адам алдымен өзінен арыз жазбауды сұраған. Кейін екі рет қоңырау шалуға болатынын айтып, адвокат сұратқан. Одан кейін жерге жатып аунап, «біртүрлі» мінез көрсеткен. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған.
«Бөлімшеде менің атымды естіп алып, қайта-қайта атыммен шақырып, «өтінемін, жіберші» деген ишара көрсетті. Мені оншақты рет шақырып, арыз жазбауымды өтінді. Бірақ мен істі соңына дейін жеткізіп, арыз жаздым, – деп жазды Пономарев.
Ол мұндай жағдайларда жауапкершілік болуы керек деп есептейтінін де атап өтті.
«Егер мен үйге кетіп қалып, полиция шақырмасам, ол өзін жазасыз сезінер еді. Жазасыздық болмауы керек. Қауіпті әрекет үшін жауапкершілік қарастырылуы тиіс. Бұл – менің азаматтық ұстанымым», – деді блогер.
Пономаревтің мәліметінше, ер адам сол түні полиция бөлімінде қалған. Әрі қарай оны сот күтіп тұр. Барлық видео дәлелдерді блогер полиция қызметкерлеріне тапсырған. Редакция осы адамның әрекеті туралы Алматы қаласының полиция департаментінен ресми жауап сұратты.