Оқиға салдарынан бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген
Қайғылы оқиға Қазақстан көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, анасы дүкенге шығып кеткен кезде бала үйде әпкесімен қалған. Бір сәтке назардан тыс қалған бүлдіршін ашық тұрған терезеден құлап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға салдарынан бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған миы шайқалып, денесі соғылған деген диагноз қойған. Алайда кейін баланың қайтыс болғаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Құтқарушылар ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырады. Мамандардың айтуынша, балаларды ашық терезенің жанында қараусыз қалдырмау, терезелерге арнайы бекіткіштер орнату және терезе алдына шығуға мүмкіндік беретін жиһаздарды жақын қоймау қажет.