«Мәз болып отыратын заман емес»: Тоқаев «көзі ашық саяси күштерді» бірігуге шақырды

Автор: Бақыт Шынар

Оның айтуынша, реформаның бастапқы кезеңінде бұл өте керек мәселе

Фото: istockphoto.com

Бүгін мемлекеттік Туды көтеру рәсіміне қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформа кезінде аз ғана жетістікке мәз болмай, үнемі дамуға қадам басу керегін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осы пікірінің басында ол жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция – Қазақстанның алдағы ондаған жылдарға арналған басты заңы. Дәл осы Ата заң халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастайды деген үмітін айтты президент.

«Технологиялық жетістіктер, саяси дүрбелеңдер, әскери қақтығыстар белең алып жатқан қазіргі дәуірде Негізгі заңымыздың жол нұсқаушы темірқазық ретіндегі маңызы еселене түседі. Еліміздің бас құжаты – Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамыз айында бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі құрылады», - деп мәлім етті Тоқаев.

Осындай реформалар кезінде халықтың ауызбіршілігін нығайту маңызды екенін айтқан президент реформалардың аз нәтижесіне «мәз» болып отыратын заман емес екенін айтты.

«Алайда бұл әр жетістікке мәз болып, жайбарақат отыратын заман емес. Біз биік мақсаттарға ұмтылып, тек қана алға – жарқын болашаққа қарай жүруіміз керек. Келешекке зор сеніммен қарап, Қазақстанды шын мәнінде өркениетті мемлекетке айналдыруымыз қажет. Қазір біз бір ел болып жасампаздық жолына түстік: қоғамымызда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар, отаншыл азаматтардың жаңа буыны пайда болып жатыр. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай игі үрдісті қолдаймын. Мұны ел ішінде жасалып жатқан реформалардың айқын көрінісі деп санаймын. Халқымыздың ауызбіршілігін нығайту басты мақсатымыз болып қала береді. Бұл – елдің табысты дамуының бірден-бір шарты, тиімді әрі ұзақмерзімді факторы. Реформалардың бастапқы кезеңінде еліміздегі көзі ашық және прогрессивті қоғамдық-саяси күштер жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар аясында бірігуі қажет деп санаймын. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құру, мемлекеттілігімізді нығайту ісінде табысқа жете аламыз», - деді Тоқаев.