04.06.2026, 18:00
Қоғам

Түркістан облысында балаларынан алимент аяған 81 әке 113 млн теңгені құмар ойынға салып жіберген

Тағы 120 әкенің мүлкі бола тұра оларды тәркілеп, баланың қарызын өтеуге қатысты шаралар қабылданбаған

Түркістан облысында балаларынан алимент аяған 81 әке 113 млн теңгені құмар ойынға салып жіберген
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Түркістан облысының прокуратурасы алимент өндіру және борышкерлер мен олардың отбасыларына әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ мемлекеттік бюджетті толықтыру мәселелері бойынша кеңейтілген мекемеаралық мәжіліс өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Осы жиын кезінде аймақта алимент өндірмей жүрген әкелердің саны мен қарыздары айтылған.

Мысалы, прокуратураның мәліметіне сүйенсек, 846 әкенің әрқайсысы баласына кемі 1 млн теңге алимент қарыз. Оларға қатысты 716 іс басталған. Бірақ, балаларға алимент төлету үшін борышкерлердің 846 көлігіне бұғат қою немесе оларды сату арқылы алимент өндіру үшін ешқандай шара қолданылмаған.

«Ал, тағы 120 борышкердің атында 170 млн теңге көлеміндегі мүлік тіркелгенімен, оны өндіру шаралары қабылданбаған. Сондай-ақ 81 борышкердің 200 млн астам теңге алимент берешегі бола тұра, 113 млн теңгеден астам қаржысы букмекерлік кеңселерге кеткені анықталды», - деп хабарлайды Түркістан облысының прокуратурасы.