Ата-ана соңғы қоңырау күні қыздарына сыйлаған гүлін несиеге алған – Жарқынбек Амантайұлы
Бүгін депутат осы мәселені қозғап, премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады
Бүгін Мәжіліс отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы соңғы қоңырау күні көрініс тапқан даңғазалықты айтып, премьер-министрдің орынбасары әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды
Жалпы, мәселені нақты статистикадан бастаған ол биыл, яғни, 2025-2026 оқу жылы 215 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасқанын мәлім етті. Бұл – бала үшін де, ата-ана үшін де естен кетпес оқиға болғанымен, депутат әдемі мейрам соңғы уақытта дарақылыққа айналды дейді.
Депутаттың айтуынша, әдеттегідей, бірнеше қаланың түлектері қымбат көліктерді жалдап, кортеж жасаған. Ереже бұзған 21 баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылған.
«Алайда мәселе тек автокортеждермен шектелмейді. Биыл қоғамда ерекше талқыланған тағы бір құбылыс – мектеп бітіруші түлектерге арналған алып гүл шоқтарының жарысы болды. Әлеуметтік желіде жүздеген гүлден құралған композициялар, қымбат сыйлықтар мен салтанатты рәсімдер қалыпты жағдай ретінде көрінді. Өкінішке қарай, мұндай бәсеке көптеген отбасыға ауыр психологиялық және қаржылық қысым түсіргені анық. Кейбір ата-ана баласының қатарынан қалмауы үшін қарыз алуға, бөліп төлеуге гүл немесе сыйлық алуға мәжбүр болғанын ашық айтылып жатыр. Бұл жағдай әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары арасында психологиялық тұрғыда оңай болмайтыны белгілі», - дейді депутат.
Яғни, Амантайұлының айтуынша, балаларға білім мен еңбектің құндылығын емес, қымбат көлік пен қымбат гүл арқылы мәртебе көрсетуді насихатталып жатқандай көрініс туады. Депутат бұл ретте президент Әділетті Қазақстан құрудың басты қағидатының бірі ретінде Заң мен тәртіпті, адал еңбек пен қарапайымдылық мәдениетін қалыптастыру қажеттігін бірнеше рет атап өтті дейді. Ал мектеп қабырғасындағы мұндай көріністер жас ұрпақтың санасында тұтынушылық психологияны, жалған бедел мен сыртқы әсерге табынуды қалыптастыруы мүмкін.
«Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, дамыған елдерде мектеп бітіру рәсімі тәрбиелік мазмұнға құрылған. Негізгі назар оқушының жетістігіне, қоғамдық белсенділігіне және болашақ мақсатына аударылады. Ал материалдық жарыс білім беру жүйесінің құндылығына қайшы келеді», - деді ол.
Осыған байланысты Жарқынбек Амантайұлы үкіметтен:
- мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің бірыңғай тәрбиелік стандартын әзірлеуді;
- соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештерінде орынсыз сән-салтанатқа, автокортеждерге және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттерге жол бермеу бойынша нақты тетік енгізуді;
- білім беру ұйымдарында әлеуметтік бәсекені емес, тең мүмкіндіктер мен рухани құндылықтарды дәріптейтін түсіндіру жұмыстарын күшейтуді;
- оқу-ағарту министрлігі тарапынан мектеп бітіру мәдениетін қалыптастыру жөніндегі ұлттық тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеуді сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін редакциямыз ата-анасы мен аға-жеңгесінен 101 гүл сұрап, мобилограф жалдауды талап еткен түлек пен соңғы қоңыраудан кейін үлкен букеттерді жаппай сатып жатқан түлектер туралы жазған еді.