Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Наталья Дементьева мен Юлия Кучинская Ақмола облысында жастар қауымымен жүздесті
«AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен еліміздің жоғары оқу орындарында және колледждерінде «Bir Tolqynda» ашық дәрістері мен интерактивті кездесулері өтіп жатыр. Жоба аясындағы кезекті іс-шара Қарағанды облысында өткізіліп, оған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ қатысты. Ал Ақмола облысында жастар қауымымен Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Наталья Дементьева мен Юлия Кучинская жүздесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Кездесулер аясында студенттер мен белсенді жастар «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттарымен мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін, жастар бастамаларын, азаматтық белсенділікті және еліміздің даму перспективаларын талқылады.
Жоба аясындағы ауқымды іс-шаралардың бірі Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті қабырғасында өтті. Кездесуге өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, белсенділер және қоғам өкілдері қатысты. Іс-шараға Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақпен бірге «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова да қатысты.
Ашық диалог барысында қатысушылар жастардың саяси сауаттылығы, азаматтық жауапкершілікті нығайту және қазақстандық жастарды қоғамдық-саяси үдерістерге тарту мәселелерін талқылады. Қазіргі заманның сын-қатерлеріне бейімделіп қана қоймай, ел дамуына аянбай атсалыса алатын белсенді буынды қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Саясат – ел болашағына әсер ететін маңызды шешімдер қабылданатын алаң. Сондықтан жастардың бұл салаға қызығушылық танытуы – табиғи әрі маңызды құбылыс. Бүгінде бізге жай ғана белсенді ұрпақ емес, ойы орамды, білімді, әр түрлі оқиғаға сыни тұрғыда баға бере алатын және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін жастар қажет. Заңды құрметтейтін және мемлекеттің тағдырына бейжай қарамайтын жастар – Әділетті Қазақстанның басты тірегі», – деді Үнзила Шапақ.
Жоба Ақмола облысында орналасқан Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті базасында жалғасын тауып, келелі кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға 200-ге жуық студент қатысып, ашық диалог форматында Мәжіліс депутаттары Наталья Дементьева және Юлия Кучинская жастардың дамуы мен ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, жастар бастамаларын қолдауға және қазақстандық жастардың өзін дамытуына жағдай жасау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Өз кезегінде, Наталья Дементьева технологиялардың қарқынды дамуы, цифрландыру және жасанды интеллектінің енгізілуі жағдайында қазіргі жастар үшін жоғары білім туралы дипломның өзі жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде икемді ойлау қабілеті, өзгерістерге тез бейімделу, үздіксіз білім алу және жаңа сын-қатерлерге дайын болу аса маңызды.
«Бүгінде дипломы көп адам емес, жылдам үйренетін, өзгерістерге тез бейімделетін және өз елінің болашағы үшін жауапкершілік арқалай алатын адам жеңіске жетеді», – деп атап өтті Наталья Дементьева.
Өз кезегінде Юлия Кучинская студенттерге Парламент жұмысының тетіктері мен заңнамалық бастамаларды әзірлеу үдерісі туралы айтты. Ол қазіргі заңдардың қоғамның нақты сұранысы мен азаматтардың ұсынысы негізінде қалыптасатынын атап өтті.
«Парламент жұмысы қоғам сұранысы мен азаматтардың ұсынысына негізделеді. Сондықтан жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуы – ерекше маңызға ие. Бүгінде партия жастардың өз идеяларын жүзеге асыруына, жаңа жобалар ұсынуына және мемлекет дамуына үлес қосуына қажет барлық жағдайды жасап отыр», – деді Юлия Кучинская.
«Bir Tolqynda» жобасының ауқымы кеңейіп, еліміздің түкпір-түкпірінде белсенді әрі бастамашыл азаматтар қауымдастығын қалыптастыруда. Бұл алаң жастар мен мемлекет арасындағы тікелей диалогтың тиімді тетігі бола отырып, қоғамдық маңызы бар бастамалар мен жобаларды жүзеге асыруға қажет жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.